Арқалықта дүбірлі той басталды

Арқалықта дүбірлі той басталды

Араға жиырма жыл салып Арқалықта облыстық спартакиада қайта жалауын көтерді.

Оның үстіне биыл Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл толып отыр.

Атағы дардай қос мереке өңірді дүбірлі думан мен сан алуан спорттық сайыстар арқылы айшықталмақ. Арнайы ресми ашылымына дейін ұлттық спорт ойындарының кей түрлерінен жарыстар тізгін босатты. Солардың бірі бүгін ертелетіп қаланың боксит үйінділері жасанды тауларының баурайындағы атшабарда бастау алған көкпар ойындары.

Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұлттық спорт түрлері балалар және жасөспірімдер мектебінің басшысы Серік Дәрменбаевтың айтуынша Қостанай облысының ХХХІХ-шы жазғы спартакиадасы бағдарламасына сәйкес ұлттық ат спорты ойындары көкпар мен аударыспақтан жарыстар жоғары деңгейде өтіп жатыр.

blank

Жарыс үш күнге созылып, жеңімпаздарын анықтайтын болады.

blank

Киелі Тобыл-Торғай өңірінен көкпарға 10 команда, аударыспаққа 13 команда қатысып бақтарын сынауда.

blank

Жан алысып жан беріскен білекті де жүректі апайтөс жігіттердің додасы көкпар ойынында жеңістен үміткер командалардың қатарынан Жангелдин ауданы, яғни қарт Торғайдың «Торғай» құрама командасын да көруге болады.

«Елдің намысын қорғап келіп қалдық. Бұйырса чемпион боламыз деген дәмеміз бар. Бұған дейін де нәтижеміз көңіл көншітетіндей болып, үнемі сайыстарда жақсы қырымыздан танылып, тіпті республикалық деңгейде жүлдеге ілігіп жүрген командамыз», – дейді Жанбақыт Қазымжан.

Көк серкені тақымда домалатқан көкпар додасына облыстың Қостанай, Рудный, Арқалық, Сарыкөл, Денисов, Жітіқара, Наурызым, Жангелдин және Амангелді қала-аудандарының командалары жанкүйерлерінің делебесін қоздырып, салым қазандықтарының шаңын шығарып шеберліктерін шыңдауда.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                             Арқалық қаласы