Бүгін Қазақстан Республикасының Қарулы күштері тәрбиешілер күні, еліміздің әскери қызметі мен тәрбие жүйесінің маңызын атап өтетін күн.
Бұл күн 1993 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің жарлығымен Қарулы күштерде тәрбиешілер институтының құрылуына орай бекітілген болатын.
Қазіргі таңда тәрбиешілердің қызметі әскери бөлімдердің маңызды бөліктерінің бірі.
Мен Қостанай қаласындағы Ұлттық Ұлан 6697 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарудамын.
Өзім 2003 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келіп, 2020 жылы мектепті бітіріп, Петропавл қаласындағы Ұлттық Ұлан академиясына оқуға түстім.
2024 жылы академияны сәтті аяқтап, лейтенант шенін алып, әскери қызметке кірістім. Бүгінде осы бөлімде жарты жылдан астам уақыт жұмыс істеп, сарбаздардың тәрбие жұмысына өз үлесімді қосудамын.
Әскердегі тәрбие жұмысының маңызы зор. Біз тек жауынгерлік біліктілікті арттырып қана қоймай, сарбаздардың рухани, моральдық тұрғыдан өсуіне жауаптымыз.
Өзара достық, патриоттық сезімдер мен ұлтжандылықты тәрбиелеу қазіргі уақытта өте маңызды болып отыр.
Өйткені, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің: “Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы” деген сөзі тәрбие мен білімнің бір-бірімен тығыз байланысты екенін айқын көрсетеді.
Әскери тәрбие жұмысы жеке құрамды психологиялық және педагогикалық әдістермен жүйелі түрде оқытуды қамтиды.
Тәрбиешілер өз қызметінде жоғары рухани мәдениет, интеллект және әділдік үлгісі болуға міндетті. Әскердегі тәрбие жұмысының нәтижесі еліміздің қорғаныс қабілетіне және жалпы қауіпсіздігіне ықпал етеді.
Бүгінде тәрбие жұмысы мен әскери қызметшілердің арасында үйлесімділікті қалыптастыруға үлкен көңіл бөлінуде.
Отанға деген сүйіспеншілікті, әскери борышты орындау жауапкершілігін тәрбиелеу аса маңызды.
Осы мерекелі күнде барлық әріптестерімді, әскери қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, олардың қызметіне табыс пен сәттілік тілеймін!
Айбат Айдосұлы Серікжан,
лейтенант