Қостанайдағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Талғат Ерішев дайындыққа келіп жүрген спортшылардың ата-аналарымен есеп беру кездесуін өткізді.
Онда мекеме басшысының алдында маңызды үш сұрақ көтерілді. Мәселен, қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан жарыс өткізетін орын тапшы. Соған ата-аналар қолайлы орын қарастырудың жолын сұрады.
“Тоғызқұмалақ ұлттық спорт түрі, біз оны насихаттап, дамытуымыз керек. Осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Біз облыстық жарыстарға арналған үй-жайларды іздеудеміз. Тамыз айының басында жоғары сапалы оқу-жаттығу процесін өткізу үшін “Қостанай” спорт кешенінен үлкен кабинет дайындалды”, – деп жауап берді мекеме басшысы.
Тағы бір мәселе волейбол бөлімінде туындап отыр. Қаладағы көрнекті орын саналатын “Қостанай” спорт кешінінде ай сайын, тіпті әр апта сайын волейболдан тыс жарыстар өткізіледі. Жаттығуға келген балалар көшеде, не болмаса, фитнес залдарында жаттықтырушыларымен дене қыздыра тұруға мәжбүр екен. Бұл жарыстардағы нәтижелерге әсер етпей қоймайды.
“Бүгінде “Қостанай” спорт кешені қалада жалғыз көптеген көрермендер мен жарысқа қатысушыларды қабылдай алатын орын. Кейбір спорт түрлерінің өз спорт залдары жоқ болғандықтан, Қостанай облысы спорт басқармасының келісімі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары үшін өз залымызды басқа спорт түрлеріне беруге мәжбүрміз. Болашақта түрлі жарыстарға арналған спорт орындарының балама түрлерін пысықтайтын боламын”, – деді мекеме басшысы.
Ал теннис орталығына ата-аналар балаларды жаттығуларға өз көліктерімен немесе таксимен жеткізуге мәжбүр. Биыл жазғы кезеңде қала орталығынан орталық жағажайға дейін қоғамдық көлік қатынаған екен. Жыл бойы қоғамдық көлік мәселесі қалыпты шешімін тапса екен дейді ата-аналар.
“Бұл қызметке өзім жуырда келдім. Алдымда болған басшылар бұл мәселені әкімдікте көтерген екен. Ол жердегі жолдың тар болуына байланысты бас тартылыпты. 2024 жылға арналған жаңа бастамаларға, спортшыларды тасымалдау үшін автокөлік сатып алуға бюджеттік өтінім дайындалуда”, – деді Т.Ерішев.