Қостанай қаласындағы №72 сайлау учаскесінде де сайлаушылар белсене бастағаны байқалады. Аталған учаскеде барлығы 1058 сайлаушы тіркелген.№72 сайлау учаскесінде дауыс беру тәртібі заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, қалыпты режимде өтіп жатыр. Мұндағы сайлау комиссиясының төрағасы Амангелді Салықовтың айтуынша, алғашқы дауыс беруші Олег Андреев есімді азамат сағат 7:00-де келіп, өз таңдауын жасапты.

«Біздің учаскеде 7 мүгедектігі бар азамат өз қалаулары бойынша үйлерінде дауыс беруге шешім қабылдады. Сондықтан сайлау комиссиясының мүшелері арнайы тасымалданатын жәшік пен бюллетенді түстен кейін аталған азаматтардың мекенжайына апарады. Дауыс беру рәсімінің қауіпсіздігі мен әділдігін жергілікті полиция қызметі қадағалайды. Мүгедектігі бар азаматтардың өз таңдауын жасап, емін-еркін дауыс беруі үшін барлық шаралар қабылданды», – деп түсіндірді №72 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Амангелді Салықов.

№72 сайлау учаскесі Қостанай қаласындағы №21 жалпы білім беретін мектебінде орналасқан. Құрылтай депутаттарын сайлау рәсімі таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Әнұранды орындаумен ашылды. Белгілі ақын, Қазақстанның Құрметті жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ыбырайтанушы-ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Оспанов осы учаскеге алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс берді. Сайлау учаскесінің төрағасы ақынға сый-құрмет көрсетті.
Қымбат ДОСЖАНОВА
