Арқалықтықтар сайлауға белсене қатысуда

Арқалықтықтар сайлауға белсене қатысуда

Ел өміріндегі маңызды оқиғаға Арқалық өңірінің тұрғындары да айтарлықтай үлестерін қосуда. Ертелетіп белгіленген уақытта сайлау жұмысын салтанатпен бастап кеткен сайлау учаскелерінің бірі қала орталығындағы №7 жалпы білім беретін Келешек мектеп ғимаратында орналасқан №104 сайлау учаскесі. Мұнда тізім бойынша1652 қатысушы дауыс береді деп күтілген.

Еліміздің Әнұраны шырқалып, сайлау процесі дер кезінде бастауын алды.

Роза Төлегенова, сайлаушы:
«Құрылтай сайлауына бәріміз бір адамдай атсалысайық деймін. Еліміздің жаңаруына жол ашатын игі қадам деп есептеймін. Өзім ертелетіп келіп дауысымды бердім. Сайлау комиссиясы алғашқы болып келгенімді ескеріп сыйлықтарын беріп жатыр. Еліміз өркендеп, көркейе берсін».

Ләззат Есмағанбетова, №104 сайлау учаскесінің төрағасы:
 «Сайлау жақсы өтіп жатыр. Барлық заң талаптарын бұлжытпай орындау үстіндеміз. Сайлаушылар келіп, бюллетендерін алып өз таңдауларын жасап жатыр. Комиссиямыздың құрамында 7 мүшесі бар. Үйден дауыс беруге өтініш берген кісілерге де үйлеріне барып, өтініштерін қанағаттандырып өз таңдауларын жасауына мүмкіндік жасаймыз».

blank

Кейкі батыр атындағы жалпы білім беретін №4 мектепте №103 сайлау учаскесі орныққан. Елімізде алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауына бұл жерде де халықтың белсенділігі басым.

blank

Тұрақ Мақажанов, сайлаушы:
«Құрылтай сайлауынан күтетініміз көп. Біріншіден еліміздің амандығын, тыныштығын тілейміз. Елімізді дамуы одан әрі қарқын алатынына сенемін. Еліміздің экономикасын көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Әрдайым, азаматтарымыздың халыққа қызметі абыройлы болып, Қазақстанымыз көркейе берсін».

blank

Дина Шаригина, бақылаушы:
  «Бұл еліміз үшін тарихи маңызы бар сайлау. «Ауыл» партиясы атынан сайлауға бақылаушы болып қатысып отырмын. Біздің міндетіміз сайлаудың әділ өтуін қадағалап, заң бұзушылықтарға жол бермеу. Учаскемізде халықтың емін-еркін келіп, әрқайсының өз таңдауларын жасауына бар мүмкіндіктер жасалған».

blank

Абай Мұқанов, сайлаушы:
  «Бүгінгі тарихи күннің маңызы ерекше. Бұл бұрын соңды болмаған жағдай. 35 жыл ішінде алғаш рет Құрылтай сайлауы өтіп отыр. Президентіміздің бастамасымен ел өміріне еніп жатқан барша реформалардың қадамдары сәтті болсын дейміз».

blank

Алма Ақанова, №103 сайлау учаскесінің төрағасы:
  «Біз өз жұмысымызды Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Конституциялық заңдарына сәйкес белгіленге уақытта бастадық. Таңғы сағат 7:00-де келген сайлауға қатысушы әскери қызметкер өз сыйлығын алып кетті. Дауыс беру тізіміне 1767 сайлаушы енгізілген. Сайлау учаскесінде 7 сайлау комиссиясы мүшесі қызмет атқарып жатыр. Сайлаушылар өз таңдауларын жасап, белсенділіктерін танытуда. Бүгінгі сайлау әр азамат үшін маңызды, біздің таңдауымыз еліміздің болашағына әсер етеді. Сондықтан, барлық сайлаушыларды сайлауға бір кісідей атсалысуға шақырамын».

blank

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы