Құрылтай сайлауы күні Қостанай қаласында қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетуде. Бұл күні қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктің қолжетімді болуы сайлау барысына өзіндік серпін беріп, шаһардағы күнделікті тіршіліктің саяси науқанмен астасуына себеп болды.
Автобустардағы ақпараттық дыбыстық хабарламалар арқылы жолаушыларға сайлау туралы мәліметтер де жеткізілді. Қоғамдық көлікте келе жатқан тұрғындар ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан хабардар болып отыр.
Қала тұрғыны Галина Струговщикованы 38-ші нөмірлі қоғамдық көліктен түскен сәтте әңгімеге тарттық.

– Елімізде Құрылтай сайлауы өтіп жатқанын білемін. Алайда, қоғамдық көліктің тегін екенін білмедім. Төлем жасайын десем төлем аппараттары мен QR-код-ты алып тастапты. Осындай жеңілдіктер жасалғанына қуаныштымын. Қазақстанның барлық тұрғындары сияқты мен де елімізде ең алдымен бейбітшілік болғанын қалаймын. Соғыс болмасын. Халқымыздың тұрмысы жақсы болсын. Баршамыздың бай, бақытты өмір сүргенімізді қалаймын. Сол үшін бүгін таңдау жасаймын, – деді қала тұрғыны.
Оның айтуынша, елдегі кез келген саяси науқанның түпкі мәні халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысты. Бейбіт өмір, әлеуметтік тұрақтылық, үлкенге құрмет, ұрпақ тәрбиесі мен тұрмыс сапасы – қоғам үшін маңызды құндылықтар.

Сайлау күні қаланың қоғамдық көліктерінің тегін жүруі де тұрғындарға жасалған қолдаудың бір көрінісі болды. Автобустар әдеттегі бағыттарымен жүріп, жолаушыларды қала бойынша тегін тасымалдайды. Бүгін қала бойынша 147 автобус бағыттарға шығады. Сондай-ақ, Қостанай, Тобыл қаласы арасына да жол ақысы тегін.
Сералы Мырзабай
Суретті түсірген – автор
