Жұмысшыға құрмет, аймаққа қолдау, елге жаңа мүмкіндік

Жұмысшыға құрмет, аймаққа қолдау, елге жаңа мүмкіндік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты айтқаны жерлестеріміз күткен сөз болды десек артық емес. Мемлекет басшысы: «Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашып, сондай-ақ басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді», – деп айтты. Бұл бастама өңірдің экономикасына тың серпін әкеліп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға нақты әсер ететіні анық.

Реформа – үзіліссіз жүретін үдеріс. Тағы кеңінен қозғалған мәселе – саяси жүйені жетілдіру. Президент: «Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес, билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз», – деді. Шын мәнінде, соңғы 30 жылда Сенат мемлекетіміздің тұрақтылығын сақтауда ерекше миссия атқарды. Ендігі кезеңде ол демократиялық мәдениетті арттырып, халықтың саяси белсенділігін күшейтудің басты алаңына айналуға тиіс. Меніңше, бір палаталы парламент жүйедегі жаңаша көзқарасты айқындай түсетін өзгеріс, ал оның нәтижесі қалай болатыны туралы сөз ету әзірге ертерек.

Түсініп отырғанымыз – саяси жүйеге өзгеріс енгізу өте қиын және уақыт керек. Сол үшін де, Мемлекет басшысы осындай қадамдарды маңызды деп шешсе керек.

Елді дамытудағы шешуші бағыттардың бірі – цифрлық трансформация. Президент бұл туралы: «Елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс», – деп атап өтті. Мұндай ауқымды жұмыс жаңа технологияларды кеңінен енгізіп, экономиканың тиімділігін арттыруға, халықтың күнделікті өмір сапасын жақсартуға да жол ашады.

Сонымен қатар еңбек нарығына қатысты көтерілген мәселе баршамызға ортақ. Президент: «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі», – деді. Қазіргі жағдайда кәсіби даярлығы жоғары мамандардың тапшылығы сезілуде. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қолға алынатын шаралар жастарды өндіріс пен нақты секторға бет бұруға ынталандырып, ел экономикасының негізін нығайтады.

Жолдаудағы әр бағыт бір-бірін толықтыра отырып, тұтас стратегиялық бағдарға бастайды. Аймақтағы инфрақұрылымның дамуы экономикалық белсенділікті күшейтсе, саяси реформалар тұрақтылық пен сенімді арттырады, цифрландыру – жаңа мүмкіндіктерге ашылған жол. Ал жұмысшы мамандықтарын қолдау арқылы осының бәрін жүзеге асыратын негізгі еңбек әлеуетін қалыптастырамыз.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ,

облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы,

«AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен

мәдениетті дамыту жөніндегі

«Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы