Агросектордың жаңа бағыты: әділеттілік пен цифрлық бақылау

Агросектордың жаңа бағыты: әділеттілік пен цифрлық бақылау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына қатысты айтқан бастамалары – ел агроөнеркәсібін жаңа деңгейге көтерудің нақты жолы. Жер мәселесіндегі әділеттілікке назар аударылды. «Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе», – деген Мемлекет басшысының сөзі ауылдағы әрбір гектардың ел игілігіне айналуы керек екенін айқын көрсетеді. Соңғы жылдары қайтарылған миллиондаған гектар жердің толық айналымға енгізілуі – ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік.

Бұл ретте цифрлық технологиялардың рөлі ерекше. Президент атап өткендей: «Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру керек». Шын мәнінде, жерді тиімді пайдалану, егіннің шығымын болжау, жайылым тапшылығын шешу, бәрі де деректерге негізделген талдауды қажет етеді. Космомониторинг, геоталдау және жасанды интеллект осы саланы түбегейлі өзгертетін құралдар екені сөзсіз.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек жерді пайдаланумен шектелмейді. Президент: «Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлініп, биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды», – деді. Алайда мәселе қаржы көлемінде емес, оның тиімді жұмсалуында екенін меңзеді. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары қажет.

Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жобалар қолға алынуда. Инвестиция көлемі 2 миллиард доллардан асып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатыны – соның айғағы. Мұндай жобалар өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, өндірістен дүкен сөресіне дейінгі тұтас желіні қалыптастырады. Бұған қоса, үздік агрокәсіпорындардың тәжірибесін басқаларға үлгі етсек, ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін еселей түседі.

Жердің иесіз қалмауы, цифрлық мониторингтің енгізілуі, агроөнеркәсіпті терең өңдеуге көшу – барлығы да ауылдың дамуына, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне және халықтың тұрмыс сапасына қызмет етері даусыз.

Нұркелген ӨТЕУЛИН,
«Ауыл» партиясы облыстық
филиалының төрағасы