Ақын, аудармашы Қасым Тоғызақов қазіргі Меңдіқара ауданында Екпінді деген ауылда дүниеге келген. Бұл – өткен ғасырда жетпісінші жылдардың соңында жабылып қалған ауыл. Осы Екпіндіден шыққан, қаламгердің көзін көрген азаматтардың бәрі ақынды күні бүгінге дейін Кәшу атай деп атайды.
Тобыл бойында жатқан Екпіндіге Қасым Тоғызақов уақытында қазақтың талай марғасқа ақын-жазушыларын ертіп келген. Сол кезеңнің куәсі, қазіргі Ломоносов ауылының тұрғыны Есенғазы Нұрғазиннің айтуынша, Екпіндіде әйгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов те болған.
«Қасымның әкесі Нұрым атамен көрші тұрдық. Кейін ауылды Ломоносовқа көшірді. Ол кезде шалдардың қалың кезі. Жұрт «ой, Кәшу ағай келді, Кәшу келді!» деп қонақ қып шақырып жатады. Кәшу атай келген сайын, әкем де мал сойып күтіп алады. Алпысыншы жылдардың басында Сәбит Мұқанов пен әйелі Мәриям Мұқан келінін ауылға алып келді. Асылбек ағайдың кішкентай үйінде ауылдың үлкен шалдары жиналды. Ол кезде біз бала болдық, әйнектің көзін ашып сығалайтынбыз. Сәбит Мұқановтың басына ноғай тақия киіп келгені есімде. Екінші күні Тобылдың жағасына үлкен кілем төсеп, ас берді. Бір жылы Кәшу атай ауылға әйгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовті ертіп келді. Әкем тағы мал сойып, қонақ қылып күтіп алды. Нұрыш деген атамыз бар еді, кемпірі сырқаттанып Алматыға кеткен. Астан соң Жұмекен «салқын әрі оңаша екен, жазу жазамын» деп сол үйге кетті. Бір кезде Кәшу атай маған «балам, анау атаңды шақырып келші» деді. Барсам, ақын бірдеңе жазып жатыр екен. Өлең шығарып отыр ма, кім білсін енді. «Аға, шай ішуге шақырып жатыр» дедім. Шайға ертіп келіп, қолына су құйдым», дейді Есенғазы Нұрғазин.
Жұмекеннің «Тобыл» атты өлеңі осы сапарда, дәл осы Нұрыш ақсақалдың үйінде жазылса керек деп топшылаймыз. Әсілі, бұл жыр Қасым Тоғызақовқа арналған сияқты. Өйткені өлеңнің өне бойынан Қасымның бейнесі анық көрініп тұрады. Ақын өзінен ширек ғасыр үлкендігі бар рухтас ағасының ауыр тағдыры мен бірегей болмысын:
«Қару ғып қайсарлық пен қоңырлықты,
Қара су қазып апты-ау жолын мықты.
Әдейі көзін алдау үшін көптің
Табиғат қайратты ұлын момын қыпты», деп беті момын, асты асау мінезді өзенге ұқсата жырлайды. Тобылға тән қайсарлық пен қоңырлық, қайрат пен момындық Қасымға да тән. Өз заманынан көп теперіш көрген жанның өткен өмірін жақсы білетін ақын ғана осылай жазады. Студент кезінен-ақ НКВД-ның құрығына іліккен, содан кейін жылара саяси қылмыскер деген күдікпен қайта-қайта тергеуге алынып, ақыры жазықсыздан-жазықсыз Сібірге айдалып кеткен тағдырлы қаламгер басынан өткерген мехнатты өзгеге жарытып айта қоймағанымен, жанына жақын көрген інісі Жұмекенге көп сыр ақтарған тәрізді. Сондықтан ақын:
«Сыр, мұңын көрсете алмай жайып бекер,
Бәрін жайып көрсетсе – байып кетер…
Тайыз боп танылғысы келеді оның,
Сонда осы… терең болу айып па екен?» деп қуғын-сүргінге жиі ұшырап, көкірегіндегі көп қазынасын қағазға түсіре алмай, өкініш кешкен терең Қасымның қайраңы қалың ғұмыры мен тайыз тіршілігін меңзейді.
«Аяйсың. Сүйінесің, жүгінесің,
Құмартып тереңдіктің түбіне осы.
Неғұрлым терең болса өзен деген,
Соғұрлым үңілесің!» деп өзін Тобыл бойына ертіп әкелген аяулы жанға деген аянышы мен сүйінішін қатар өреді. Жұмекен қайыс мінез қайсар ағасын аяй отырып, сүйінеді. Сүйіне отырып, оның кісілігін, момындықтың ар жағында жатқан тереңдігін мойындайды. Сол тұңғиық тереңдікке құмартады.
Есенғазы Нұрғазиннің айтуынша, 1978 жылы Кәшу атай Екпіндіге тағы бір топ қаламгерді ертіп келеді.
«Иә, 1978 жыл. Өйткені сол жылы мен ауылсоветте жұмыс істеп жүргенмін. Кәшу атай көп ақын-жазушылармен келді. Барой жақтағы қонақүйге орналасты. Әр ауылда кездесу болды. Біздің ауылда да кездесу, концерт өтті. Қонақтарды Асылбек ағай үйіне шақырып, қонақ етті. Екінші күні Кәшу атам ауылсоветке келді. Ауылдағы Аңсаған ағайды, Құба жездемізді, Қаман құдамызды шақырып алып, көп әңгімелесті. Біз ол кезде ондай әңгімені тыңдамаймыз ғой. Бұл – ауылға соңғы келгені. Одан кейін келген жоқ», дейді Есенғазы Нұрғазин.
Қостанай облысы
