Торғайда тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр

Торғайда тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр

Биыл Жангелдин ауданының орталығы Торғай шаһарында 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды. Қазіргі таңда үйлердің іргетасы қаланып, бірінің төбесі жабылса, екіншісінің кірпіші қаланып жатыр. Құрылысшылар жұмысқа бел шеше кіріскен.

Аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Ұзаққызының айтуынша тұрғын үйлерді салу  халықтың аз қамтылған осал санаттағы топтарына арналып жоспарланған. Оны кәсіпкерлер өз күштерімен салып, кейін атқарушы билік сатып алып, тізімде тұрған отбасыларға таратып беретін болады.

«Бұл ел көптен күткен ұлы той. Себебі, құрылыс жүрген жерде тіршіліктің де жанданатыны баршаға айқын. Мұндай тәжірибе облысымызда 2-3 жылдан бері қолданылып келеді. Облыстық басқармаға 24 пәтер үшін 432 млн теңгеге тұтынушылық сұраныс берілді. 1 пәтердің көлемі 60 шаршы метр. Құрылысты алдағы қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – дейді Гүлмира Ұзаққызы.

Дайын пәтерлерді сатып алу жобасы тараптарға аса тиімді. Сол себепті құрылысқа қызығушылық танытқандардың қатары көбейген.Алдағы жылы да жалғасын табуы ғажап емес. Жан-жақтан ұсыныс берушілердің қатары көп. Әзірше, тұрғын үйлерді салып жатқан – Торғайдың төл тумалары.

Құрылысшыларына бас-көз болып жүрген Жасұлан Жалғасбайұлы да осы жердің тумасы. Бүгінде Астана қаласында тұрады.

blank

«Туған жерімізде үй салуға мүмкіндік жасалғаннан кейін жинаған қаражатымызды елге әкеліп салып жатырмыз. Елдің адамымыз. 2 пәтерлі үйден 3 үйді салып шықпақпыз. Қазір 6-7 адам еңбек етуде. Кезең-кезеңімен құрылысшылар санын да арттыра түсеміз. Еліміз көркейе берсін. Алдағы жылы мұнан да көп үй салуды нәсіп етсін», – дейді ол.

Көшелеріне көрік кіріп, үйлеріне үй қосылып жатқанына тұрғындар да зор қуанышты.

blank

«Көшеміз кеңейіп үйлер салынып жатыр. Өте қуаныштымыз. Жаңа үйлер салынып, еліміз көркейіп жатыр. Ел-жұртымыз аман болсын. Қазақстанымыз қарыштап дами берсін», – дейді байырғы тұрғын Роза Тұяқбаева.

Құрылыс жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Нақтырақ айта кетсек, туған жер тумалары Әсет Дүйсенбаев Салғарин көшесінде 10, Жасұлан Нұрымбет Қайырбеков көшесінде 6, Рүстем Оңғар Салғарин көшесінде 4, Асхат Сафарғалиев Кейкі батыр көшесінде 4 пәтер салады.

blank blank

Жалпы есебі 2 пәтерлі 12 уй салынып жатыр. Сонда биыл барлығы 24 пәтер салынады. Ол үшін облыс қазынасынан 432,0 млн теңге қаражат сұралған. Үйдің әр шаршы метрі 300 мың теңгеден сатып алынады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                        Жангелдин ауданы