Ауылда өзінің ісің ашып, кәсібін кеңейткісі келетіндер үшін мемлекет ұсынған тағы бір мүмкіндік. 2023 жылдың сәуір айында іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы уақытқа дейін жүздеген ауыл тұрғынына бизнес бастауға жол сілтеп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына септесті. Бағдарламаға ауылдан шықпай-ақ онлайн қатысуға болады.
Осы уақыттан бері бағдарлама аясында жалпы сомасы 1,6 млрд теңгенің қаражаты игеріліп, 279 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде ауылдарда 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша ауыл жұрты арнайы әзірленген мемлекеттік қолдау тетігінің игілігін көріп отыр. Бағдарламаның басты артықшылығы – жылдық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайыз ғана. Бұл – еліміздегі ең төмен пайыздық мөлшерлемелердің бірі.
Бастаманың көмегімен жүзеге асқан қызық жобалар баршылық. Мәселен, 30,2 млн теңгеге «Жаңа Жітіқара ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылған еді. Ол макарон өнімдерін шығарумен айналысады. Онда оннан астам жұмыс орны бар.
«Тағы бір маңызды жоба – «Федоров-Сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Оның қызметі – аудан тұрғындарынан сүт сатып алу және оны қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізу. Бағдарламаға қатысу арқылы аталған ұйым сүт шикізатынан дайын өнім шығарып, айтарлықтай табыс тауып отыр», – деген еді облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов «Қостанай таңына» берген сұхбатында.
Көп жағдайда тұрғындар бұл бағдарлама тек ауыл шаруашылығына арналған деп ойлайды. Иә, бұл бағыт та қолдау табады. Бірақ мүмкіндіктер бұнымен шектелмейді.
«Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кредиттеу департаментінің бас менеджері Камшат Жұматова айтып өткендей, бағдарлама арқылы ауыл шаруашылығына қатысы жоқ қызмет түрлерін де, қайта өңдеу саласын да дамытуға көмек беріледі.
Бағдарлама аясында табысты дамып жатқан жобалар аз емес. Атап айтқанда, отбасылық шеберханалар мен шағын өндірістер, наубайханалар, ірімшік цехтары, ағаш өңдеу және жиһаз жасау шеберханалары, тұрмыстық техника мен ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу, автосервис қызметтері, сондай-ақ пластик, әйнек, металл, қағаз секілді өнімдерді қайта өңдеу жобалары қаржыландырылып отыр.
«Егер адамның идеясы, кәсіби дағдысы және ең бастысы, жұмыс істеуге деген ынтасы болса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы дәл сол адамдарға арналған», – дейді Камшат Жұматова.
Бағдарламаға ауыл тұрғындары, сондай-ақ ауылдағы өндірістік кооперативтер қатыса алады. Өтінім беру тәртібі түсінікті әрі ашық. Мамандар өтінім берушілерге барлық кезеңде кеңес беріп, сүйемелдейді.
Маңызды жаңалықтың бірі – бағдарлама толық цифрландырылған. Өтінімді ауылдан шықпай-ақ, онлайн форматта беруге болады.
«Ауыл тұрғындары үшін қалаға келу әрдайым қолайсыз. Сондықтан біз өтінім қабылдау процесін барынша жеңілдеттік. Арнайы онлайн-платформа арқылы үйден шықпай-ақ құжат тапсырып, өтінімнің қаралу барысын бақылауға болады», – дейді департаменттің бас менеджері.
Өтінім amanatnesie.kz сайты арқылы қабылданады.
Бағдарламаның негізгі шарттары:
- жылдық пайыздық мөлшерлеме – 2,5%;
- қаржыландырудың ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобалары үшін – 8 000 АЕК-ке дейін;
- кооперативтер үшін – 8 000 АЕК-ке дейін;
- қаржы жаңа бизнесті ашуға да, жұмыс істеп тұрған істі кеңейтуге де беріледі;
- қаражатты құрал-жабдық, техника, шикізат алуға, өндіріс пен қызметті дамытуға жұмсауға болады;
- міндетті шарт – кепіл мүлкінің болуы.
2024 жылы бағдарлама бойынша қаржыландыру бөлінген жоқ. Ал 2025 жылы Қостанай облысына «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Бүгінгі таңда 36 микрокредит мақұлданып, 500 млн теңге игерілді. Шамамен 1 млрд теңге көлеміндегі қаражат әзірге игерілмей отыр.
«Қазіргі таңда біздің иелігімізде шамамен 1 млрд теңге көлемінде бос қаражат бар. Бұл бағдарламаның нақты жұмыс істеп тұрғанын және қаржыландырудың жеткілікті екенін көрсетеді. Біз жаңа өтініштерді қабылдауға және жедел қарауға дайынбыз», – дейді Камшат Жұматова.
Мамандардың айтуынша, бағдарламаның әлеуеті әлі толық пайдаланылып отырған жоқ. Бұған ауыл тұрғындарының бәрі бірдей бұл мүмкіндік туралы біле бермейтіні себеп.
«Сондықтан ауыл тұрғындарын мемлекеттік қолдауды батыл пайдалануға, кеңес алудан қорықпауға және өтініш беруге шақырамыз. «Ауыл аманаты» – өз ісін ашып, жұмыс орындарын құрып, ауылдағы өмір сапасын жақсартудың нақты жолы», – дейді корпорация өкілі.
Өтініш беру жөніндегі толық нұсқаулық пен қажетті құжаттар тізімі «Тобыл» ӘКК» АҚ ресми сайтында орналастырылған.
Аслан ҚАНҒОЖИН
