Қостанай қаласы Шаяхметов көшесіндегі 144-үйдің жанынан өткен әрбір жолаушының еріксіз аялдауына себеп бар.
Сұрғылт тартқан көпқабатты үйлердің арасынан дәл бір баспананың балконында еліміздің көк байрағы асқақ рухпен ілініп тұр. Бұл жай ғана мата емес, жүректегі Отанға деген шексіз махаббаттың, асқақ патриотизмнің символы іспетті.
Осы бір ерекше, көз тартар балконның иесі – белгілі қоғам белсендісі, қалада тұңғыш рет «Отбасы келісімі» фронт-кеңсесінің шаңырағын көтерген Несібелі Бәсенова. Отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсеткен қала тұрғынымен аз-кем сұхбаттасып, жүрекжарды сырына қаныққан едік.
Несібелі ханымның айтуынша, балконға ту ілу туралы жүрек түкпіріндегі асыл арман еліміз үшін үлкен сын болған, тарих парағында өшпес таңба қалдырған 2022 жылдың қаһарлы «Қаңтар оқиғасы» кезінде туған екен.
«5 қаңтар күні ел іші дүбірлеп, Қаңтар көтерілісі басталып кетті. Сыртқа шығу қауіпті, ғаламтор байланысы үзілген. Не болып, не қойғанын білмей, беймәлім күй кештік, іштей қатты мазасыздандық. Сол бір алмағайып сәтте жаным шырқырап, Тәуелсіздігіміздің ертеңіне алаңдаған едім. Бойымды үрей емес, намыс буды. Жұбайыма бұрылып: «Үйде сақтаулы тұрған мемлекеттік туымыз бар еді ғой, соны балконға шығарып ілейікші» дедім. Содан, еш ойланбастан, қасиетті көк туды желбіретіп қойдық», – деп кейіпкеріміз өткен күндерді тебірене еске алды.
Сол сәттен бастап бұл байрақ үзіліссіз, жылдар бойы желмен тербеліп тұр. Уақыт шіркіннің өз заңы бар ғой, жауын-шашын мен аптап ыстықтан тудың түсі оңбауы үшін Несібелі ханым отбасымен бірге оны тұрақты түрде жаңартып отыруды игі дәстүрге айналдырған.
«Бұрнағы жылы көк туымыз күнге күйіп, тоза бастаған соң, жаңасын сатып алуды ұйғардық. Бұл жерде үнемшілдікке орын жоқ, сондықтан ең сапалы, ең қымбат матадан тігілгенін таңдадық. Тіпті, оны биікке әдемілеп орнату үшін арнайы кран да жалдадық. Бұл – бүкіл Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік ту тұрақты түрде ілулі тұрған жалғыз шаңырақ, жалғыз балкон. Мен мұны мақтаныш көремін», – дейді ол.
Бүгінде бұл баспана тек бір отбасының ғана емес, күллі көрші-көлем мен қала қонақтарының мақтаныш ететін киелі орнына айналғандай. Үйге табалдырық аттаған әрбір жанның жанары ең алдымен осы көк туға түседі.
«Біздің үйге келген кісілер таңырқай да сүйсіне сұрап жатады. Көршілеріміз де сырттан келген меймандарға: «Бұл – Несібелі Бәсенованың балконы. Көк байрағымызды биікке іліп қойған сол кісінің патриоттық жүрегі» деп мақтанышпен әңгімелейді екен. Осындай азат елде, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқаныма бақыттымын және өзімді елімнің нағыз патриоты деп есептеймін», – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Несібелі ханым өз әрекеті арқылы Отанға деген шексіз махаббаттың, мемлекеттік рәміздерге деген қастерлі құрметтің қандай болуы керектігін сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеді. Оның балконындағы көк ту – ұлттық рухтың өлмейтінінің, Тәуелсіздіктің тұғыры биік екенінің айқын айғағындай.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев
