Таза Қазақстан»: Ұзынкөлде 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Таза Қазақстан»: Ұзынкөлде 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Ұзынкөлде біршама жұмыстар жүргізілген. Биыл аудан аумағында 2 800-ден астам көшет отырғызылып, 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Экологиялық және тазалық шараларына 6,2 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар 14 саябақ пен қоғамдық алаң абаттандырылып, 23 тарихи-мәдени нысан ретке келтірілді. Рұқсат етілмеген 26 қоқыс орны жойылды.

Аудан әкімінің мәліметінше, демеушілер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдауымен бес саябақ пен алаң салынған. Жобалардың жалпы құны 258,7 миллион теңге, оның 208,7 миллионы – тартылған бюджеттен тыс қаражат.

Бұдан бөлек, ауылдарда 31,6 миллион теңгеге төрт балалар ойын алаңы орнатылып, 10 ғимаратқа сәндік жарықтандыру жасалған.

«Елді мекендердің тазалығы мен көріктілігі тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Бұл – тұрғындар, кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бірлесіп атқаратын ортақ іс. Биыл осы бағыттағы әріптестік нәтижесінде ауданның әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге 770 миллион теңгеден астам бюджеттен тыс қаражат тартылды», – деді Марат Кенжебекұлы.