Елдіктің айғағы

Елдіктің айғағы

«Еліміз үшін Көк Туымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы!».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітіліп, ұлт тарихының жаңа дәуірі басталды. Қоғамда рәміздерді қолдануға қатысты сұрақтар бар. Мемлекеттік мекемелердегі тәртібі белгілі, бірақ оларды да бақылап отыру керек. Оны кімдер бақылайды? Басқа да талап-ережері бар ма? Төменде сарапшылар мен жергілікті тұрғындар пікірін беріп отырмыз.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы Президент Резиденциясының, Парламенттің, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктер мен мемлекеттiк органдардың, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Сот пен жергiлiктi соттардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерiнiң басшылары резиденцияларының ғимараттарында ұдайы қолданыста болады.

«Мемлекеттік рәміздерінің қолданылуын және орналастырылуын бақылаймыз. Мысалы, қала бойынша жыл сайын екі мәрте мониторинг жүргізіліп отырады. Бақылау нәтижесінде тудың түсінің оңып кетуіне байланысты кейбір ұжымдарға ескертпелер жасалып, кемшіліктер дер кезінде қалпына келтірілді. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған мекеме жоқ. Рәміздерді насихаттау бойынша жыл сайын «Патриоттар форумы», флеш-моб, челлендж, байқаулар тұрақты түрде өткізіліп тұрады», – дейді Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбеков.

Мемлекеттік ту мемлекеттік органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда көтеріледі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери құрамаларында, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұлттық және мемлекеттік мереке күндерінде, ант қабылдау кезінде, Үкімет айқындайтын тәртіппен Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеуде, ресми және салтанатты рәсімдерде, спорттық іс-шараларда, жаңа оқу жылының ашылу және аяқталуы кезінде, мемлекеттік және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердің басшыларымен, парламенттері мен үкіметтерінің басшыларымен кездесу кезінде қолданылады.

Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау үшін ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, оның көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуге тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қорлау нысанасы ретінде пайдалана алмайды.

Ғимараттарда тұрақты орнатылатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандырылуы керек. Лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы (1 х 2 метр өлшеммен) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының сол жағында (тігіледі) орналастырылады.

Рәсімдер және салтанатты іс-шаралар кезінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы ту тұғырдан көтеріледі, ту тұғыр жоқ болған жағдайда құрамында үш адам ту ұстаушы және екі сүйемелдеушісінен құралған ту көтеру тобының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын әкелу және әкету рәсімі пайдаланылады.

Спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер, бас жаттықтырушылар спорттық іс-шараларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалану (орнату, орналастыру) тәртібінің сақтауын қамтамасыз етуі керек.

Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерді, консулдық мекемелерді, халықаралық ұйымдарды және (немесе) олардың өкілдіктерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар мен өкілдіктер пайдаланатын шет мемлекеттердің тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен бір мезгілде орналастырылады.

Мемлекеттік рәміздер бейнелері бар стенділер (плакаттар) салтанатты іс-шаралар өтетін көпшілік назарына қолжетімді жерлерде орнатылуға тиіс.

ҚР Мемлекеттік Туының, Елтаңбасы мен Гимні мәтінінің бейнелерін стенділерге (плакаттарға) орналастырған кезде рәміздер бейнелерінің бірдеңгейлі орналастырылуының сақталуы, сондай-ақ олардың орналасу реті бар: Ту, Елтаңба, Гимн болуы керек.

Рәміздер бейнеленген стенділер (плакаттар) әсем безендірілуі және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіре берістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс.

 

Көк тумен көмкерілген қала

Биыл Арқалық қаласының құрылғанына 70 жыл толады. Осы мерейлі мереке қарсаңында қаланы ерекше тәсілмен безендіру жұмыстары қолға алынып отыр.

Қаланың туған күніне орай жергілікті әкімдік үйлерді патриоттық негізде әсемдеуді қолға алған. Яғни, Мемлекеттік Тудың бейнесі мен Арқалық қаласының 70 жылдығына арналып бекітілген логотиптер қаламыздағы көпқабатты үйлердің балкондарына ілініп жатыр. Бұл көрініс көрген адамға ерекше әсер сыйлауда.

blank blank blank

Айта кетсек, мұндай безендірулерді көше бойындағы 4 көп қабатты үйде жүргізу жоспарланған екен. Яғни, ұзындығы 2 метр, ені 1 метр болатын 50 дана туымыздың бейнесі мен 50 дана Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған логотип ілінбек. Қазіргі уақытта мұндай безендірулер Әуелбеков көшесі 26 және 28, Шақшақ Жәнібек 75 үйлерде жүргізіліп жатқан болса, мұнан кейін Абай даңғылы 82 үйде қолға алынбақ. Айта кетсек, бұл жұмыстар демеушілік қаражат есебінен жүргізілуде.

Бақытбек САҒЫНДЫҚОВ,

Еңбек ардагері:

blank

«Арқалығымыз ажарланып келеді. Туған жердің көркейгенін көру зор бақыт деп білемін. Еліміз аман болып, халықтың өмір сүру деңгейі жақсарып, әлеуеті арта берсін. Кейінгі жылдары қала үшін көп жұмыстар атқарылуда. Президентіміз көңіл аударғаннан кейін ол тіпті қарқындай түсті. Жол құрылысы қолға алынып, аэропорт салынып жатыр. Қаланың мерейтойы қарсаңында көп жұмыстар қолға алынды. Үйлердің аулалары абаттандырылып, қасбеттері, төбелері жөнделіп қала қазір көргенде көз тоятын әсем ғимараттарымен ерекшелене бастады. Тәуелсіздігімізді паш ететін көк туымыз үйлердің балкондарына ілініп, рухымызды асқақтатып, қаламызға ерекше сән беріп тұр. Туымыздың бұлай әспеттелуі өте дұрыс деп ойлаймын. Өскелең ұрпақ көріп, қадірін біліп жүрсін. Мұның мән-мағынасы өте зор».

Рыскүл НҰРПЕЙІСОВА,

Еңбек ардагері:

blank

 «Еліміздің де, халқымыздың да бетке ұстары — мемлекеттік рәміздер. Негізінде, бұл біздің басқа бір жерге шыққандағы бет-бедеріміз сияқты. Жолымыздың ашықтығы, аспанымыздың ашықтығы осы бүкіл өзіміздің еліміздегі жақсылықтың бәрі осы рәміздерді қадірлеуден басталу керек деп есептеймін. Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бар. Аллаға шүкір, осыларды алдыға қойып өзіміздің қандай екенімізді қай жаққа болса да көрсете аламыз. Мақтана аламыз. Осы рәміздерді көтеріп, жоғары ұстаудың нәтижесінде біздің келешек ұрпағымыздың санасына жақсы қасиеттер ұялай береді деп ойлаймын. Өйткені, рәміздерді қадірлегеннің арқасында осы уақытқа дейін қандай жақсы нәтижелерге жетсек, одан әрі де дамыған, сауатты болашағымыздың арқасында бұдан да үлкен дәрежелерге жетеміз деп ойлаймын. Сондықтан, өскелең ұрпаққа рәміздердің қаншалықты құндылыққа ие екенін әркез ұмытпай айтып отыру — біздің бұлжымас міндетіміз».

Азамат БАЛМАШ,

спортшы:

blank

«Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің дене шынықтыру және спорт мамандығы бөлімінің І курс білім алушысымын. Еліміздің тұғырлы туы мен асқақ Әнұраны «Азия кубогы» мен әлем чемпионаттарында спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілгенде ойнатылады. Осындай сәтте кеудеңді ерекше мақтаныш сезімі билейді. Мен осы Арқалық қаласының тумасымын. Ш.Уәлиханов атындағы мектептің түлегі екендігімді мақтан тұтамын. Он жылға жақын уақыт бойы спортпен айналысып келемін. Қол жеткізген табыстарым да аз емес. Дзюдо және қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткермін. Әрине, оның бәрі ата – анамның, ұстаздарымның арқасында жеткен жетістік деп білемін. Қазіргі уақытта ел чемпионатына әзірлік жүріп жатыр. Сол сайысқа дайындық үстіндемін. Алдағы уақытта мықты спортшы болып, еліміздің даңқын шет елдерде асқақтатсам деймін».

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                     Арқалық қаласы