Жолдар жаңарып, көшелер көріктенеді

Жолдар жаңарып, көшелер көріктенеді

Көктемде телегей-теңіз су айдынына айналған Тобыл өзенінің жан-жағын  абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. Мұнда ұзындығы 500 метрден астам жағалауға тірек қабырғалары орнатылып, 108 шағын мүсін, 16 ойын алаңы салынады.

Жыл аяғына дейін  жағажайға  кіреберіс пен  субұрқағы бар әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимарат маңы  абаттандырылады. Триатлон саябағын қазіргі “Шағала” жағалауымен байланыстырып, жағажай аймағын кеңейту жоспарланған.

“Биыл 42 бағдаршам нысанын  орнату, жөндеу және ауыстыру жоспарланып отыр. Облыс орталығындағы 29 көшені жарықтандырмақпыз. Соған сәйкес жөндеу жұмыстарын қолға аламыз. 2 мыңнан астам жарық шам орнатылып, 1,5 мың баған ауыстырырады. Сондай-ақ,  биыл 41 аялдама павильоны орнатылады. Оның ішінде 38 – і  ашық типтегі және КСК, Қостанай-2 және Қонай  шағын ауданында үш жылы аялдама болмақ”, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Айтуынша, жаз айларында  үш аллея мен  он үш  көше абаттандырылып, жиырма шақты  спорт алаңы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, “Халық бюджеті” жобасы аясында жеті балалар-спорт алаңын, сондай-ақ, О. Қозыбаев көшесі бойындағы Журналистер аллеясын және Алғашқы тыңгерлер  алаңындағы жаяу жүргіншілер субұрқағын орнату жоспарланған. Бес субұрқақты қалпына келтіру жұмыстары жалғасады.

Қала басшысы С. Баймағамбетов көшесімен байланысқан Фролов-Назарбаев, Фролов көшесімен қиылысатын Абай-Баймағамбетов, Назарбаев көшесінің бойындағы  Өнеркәсіптік көшесінен Федоров тас жолындағы айналма жол, Сьянов, Нариман  тәрізді бес көшені қайта жаңарту жоспары әзірленіп жатқан көрінеді. Марат Жүндібаев Сьянов көшесін жөндеуге шамамен 1,5 млрд теңге қажеттігін айтып, көмек сұрады.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу