Жітіқараны абаттандыруға тоқсан миллион теңгеден астам қаржы бөлінді

Жітіқараны абаттандыруға тоқсан миллион теңгеден астам қаржы бөлінді

Жітіқара ауданында 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң серпін көрсетті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс, тұрғын үй және сауда салаларында өсім байқалып, аудан экономикасының тұрақты дамуы қамтамасыз етілуде.

Бұл туралы аудан әкімі Аслан Жаныспаевтың «Экономикалық даму: инвестициялар, кәсіпкерлік және өсу нүктелері» тақырыбындағы баяндамасында айтылды.

Жыл басынан бері аудан бюджетіне 4,2 млрд теңге түссе, оның 2,7 млрд теңгесі немесе 64 пайызы – меншікті кірістер. Әлеуметтік салықтың облыстық бюджетке берілуіне қарамастан, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда меншікті кірістер 18,2 пайызға артқан. Бұл қаржы базасының нығайып, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға мүмкіндік беріп отыр.

Алты айдың қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 26 пайызға, ауыл шаруашылығы 31,9 пайызға, инвестициялар 9 пайызға өсті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,2 есеге ұлғайса, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі алты есеге артты. Бөлшек сауда 10,7 пайызға, көтерме сауда 76 пайызға көбейді.

Жітіқара – Қостанай облысындағы өнеркәсіптік-аграрлық өңір. Өнеркәсіп өндірісінің шамамен 80 пайызы тау-кен өндіру саласына тиесілі.

Есепті кезеңде аудан кәсіпорындары 72,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді. Алтын құрамды кен өндіру көлемі 16,7 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібінде де оң нәтиже қалыптасып, өнім көлемі 12,4 млрд теңгеге жетті. Әсіресе ұн өндірісі 4,4 есеге, сүт өнімдері 11 пайызға өсті.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 31,9 пайызға артты. Өсім негізінен мал шаруашылығы саласында қалыптасып, ет өткізу көлемі 10,5 пайызға көбейді.

Биыл аудан бойынша 251,1 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы егілді. Оның ішінде 195,4 мың гектары дәнді дақылдарға тиесілі. Егістікті әртараптандыру аясында 5,1 мың гектарға бұршақ тұқымдас дақылдар себілді.

Шаруашылықтар жыл басынан бері жалпы құны 681 млн теңгеге 14 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Сонымен қатар, «Кең Дала-2» бағдарламасы арқылы 37 аграршыларға 3 млрд 909 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

Ауданда бүгінде 1684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда 5610 адам еңбек етеді.

Жыл басынан бері сауда және қоғамдық тамақтандыру саласында төрт жаңа нысан ашылып, жеті жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестиция көлемі шамамен 29 млн теңгені құрады.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 13,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 9 пайызға жоғары болды. Бұған инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген бюджеттік қаражат пен жеке инвестициялардың артуы ықпал етті.

Биыл 300 орындық «Qazyna» мейрамхана кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.

Жалпы құны 6,27 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында пайдаланылған майларды қайта өңдеу кешені, жемдік ұн шығаратын диірменді жаңғырту, май экстракциялық зауыт салу, туризм нысандары мен сүт-тауар фермасын салу жобалары бар.

Биыл ауданның инженерлік және цифрлық инфрақұрылымын дамытуға 1,9 млрд теңгеге жуық қаражат бағытталды.

Жылу желілерін жаңғырту, электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін автоматтандыру, Степное және Тоқтарово ауылдарының су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Милютинка, Түргеновка және Пригородное ауылдарын газдандыруға арналған жобалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Хозрет, Құсақан және Шевченковка ауылдарында ұялы байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетке арналған антенналық-діңгектік құрылыстар салынуда.

Ауданда аудандық және қалалық жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жітіқара – Берсуат және Дзержинское ауылына кіреберіс жолдарының жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал қаладағы Алтынсарин көшесіне орташа жөндеу жүргізілуде.

Қаланы абаттандыруға 90,8 млн теңге бөлініп, бірнеше балалар ойын алаңдары салынып, көше жарықтандыру жүйесі жаңартылуда.

Кәсіпорындардың демеушілігімен қалалық саябақтарды жаңғырту, субұрқақты жөндеу, жасанды көлді сумен қамтамасыз ету және спорт алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде.

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында аудан көлемінде ауқымды экологиялық жұмыстар атқарылды.

Жыл басынан бері 108 сенбілік өткізіліп, оған екі мыңнан астам тұрғын қатысты. Полигондарға 11 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. 3,5 мың ағаш көшеті мен 123 мың гүл отырғызылды.

Қоғамдық орындарды ластағаны үшін 370 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрақты насихатталуда.

Білім беру саласында мектептерді жаңғырту бағдарламасы аясында гимназия мен №10 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №4 мектептің жылу жүйесі жаңартылып, оқу кабинеттері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.

Денсаулық сақтау саласында бұрынғы емхана ғимараты толық қалпына келтіріліп, жақын арада пайдалануға беріледі. Сонымен бірге аудандық аурухана базасында өңіраралық орталық аурухана құру жұмыстары басталды. Биыл аудандық ауруханаға бес дәрігер жұмысқа қабылданды.

Әлеуметтік қолдау бағытында бұрынғы аудандық аурухана ғимараты қайта жаңартылып, онда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған күндізгі бөлім мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылады.

Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 855 адам қамтылып, оның 589-ы тұрақты жұмысқа орналасты. 266 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, кәсіби даярлықтан өтті.

Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында қаладағы бейнебақылау жүйесі 312 камераға дейін кеңейтілді. Олардың көмегімен алты ай ішінде 887 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 44 қылмыс ашылды.

Жітіқара ауданында іске асырылып жатқан жобалар өңір экономикасының тұрақты өсіміне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Алдағы уақытта да аудан әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастырып, өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге күш салмақ.

Бота МАНЕТ