Қостанай қаласында 2026 жылдың алты айының қорытындысында тіркелген интернет алаяқтығы фактісі 29,6%-ке азайғаны белгілі болды. Бұл жайында қалалық полиция басқармасының басшысы Талғат Тапаев әкімдіктегі аппарат кеңесінде мәлімдеді.
Жақсы көрсеткіш көңілге медеу. Десекте қылмыс әлемінде елеулі үлесті интернет алаяқтарының қитұрқы әрекеті «еншілеп» отыр. Қостанай қаласының полиция басқармасы тіркеген жалпы 1290 қылмыстың 394-і немесе 29,7%-і интернет технологияларын пайдалану арқылы жасалған. Айлакерлер алдап-арбау тәсілдерін жиі өзгертетін көрінеді. Заманауи технологияны, сан түрлі психологиялық іс-әрекеттерді пайдаланып, көздеген мақсатына жетуге барын салады. Сол себепті биылғы қаңтардан бастап Қостанай қаласының полиция басқармасы жанынан киберқылмысқа қарсы күрес бөлімше құрылды. Штат құрамында жеті маман бар.

«Жеке бөлімшенің жасақталуы ақпараттық технология саласындағы қылмыстардың алдын алуға, оларды ашуға және жолын кесуге мүмкіндік берді», – деп түсіндірді қалалық полиция басқармасының басшысы Талғат Тапаев.
Бұдан бөлек жергілікті полиция қызметі еңбек ұжымдары мен білім ұйымдарын, қоғамдық орындарды күнделікті аралап, алдын алу іс-шараларын өткізді. Ресми БАҚ құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға ақпараттық хабарламалар жолдады. Жыл басынан бері қала әкімдігімен бірлесе бес мың жадынама әзірлепті. Қазір облыс орталығында 278 мың тұрғын барын ескерсек, аталған жұмыстың тым аз екенін байқаймыз.
«Арандатуға сенгіш адамдардың көпшілігі әйелдер. Олардың шағымы бойынша 232 оқиға тіркелді. Ерлерден түскен арыздар негізінде 143 оқиғаға белгілі болды. Алаяқтардың арбауына жастардың көбірек ұрынып қалатынын ескеру қажет. Мәселен, 18 бен 44 жас аралығында – 184 дерек, 45 пен 59 жас аралығында – 91 дерек, 60 пен 74 жас аралығында – 83 дерек, 75 пен 90 жас аралығында – 18 дерек анықталды», – деді ол.
Интернет алаяқтарының жиі қолданатын тәсілі – әдеттегідей, телефон арқылы байланысу. Жеткізуші, коммуналдық қызметтер өкілі, банк, құқық қорғау органдары, медицина мекемелері мен өзге де ұйымдардың мамандары ретінде қоңырау соғып, адамның сеніміне кіреді. Арадағы әңгімеден соң атыңызға несие рәсімдеуге қалай рұқсат бергеніңізді аңғармай қаласыз. Қостанай қаласында алаяқтардың кесірінен несие рәсімдеу бойынша 170 дерек анықталыпты. Жылдам табыс табуға жетелеу, күмәнді тауар мен қызмет үшін алдын ала төлем алу, жалған сілтемелерді пайдалану, жоқ пәтерді жалға беремін деп алдау арқылы азаматтардың қаржысын жымқыру жиі кездеседі.
«Алаяқтар екінші деңгейлі банктер арқылы несие рәсімдеуге көндіру тәсілін жиі қолданады. Сол себепті осы жылдың 18-қаңтарында екінші деңгейлі банктер мен киберқылмысқа қарсы күрес Басқармасы арасында меморандум жасалды. Бұл бастама халықты алаяқтың әрекетінен сақтандырып, жедел ақпарат алмасуға жағдай жасайды. Бірлескен жұмыстың арқасында азаматтардың жалпы сомасы 61 миллион теңгеден асатын қаражатын сақтап қалдық», –деді полиция полковнигі.
Қалалық полиция басқармасының басшысы ҚР Қылмыстың кодексіне киберқылмыспен күресуге бағытталған өзгеріс енгізілгенін хабарлады. 2025 жылғы 16 қыркүйекте Қылмыстық кодекске дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік туралы жаңа 232-1-бап қосылды. Осы өзгеріске сәйкес, дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дроппер деп отырғанымыз банк картасы немесе шоттарды заңсыз мақсатта қолдануға беретін тұлғалар.

«Алғашқы жартыжылдық есебінде алаяқтарға алдану дерегінің азайғанын байқадық. Алайда алдын алу жұмыстарын үзбеу қажет. Әсіресе, зейнеткерлер арасында. Бірақ, 18-44 жас аралығындағы адамдар көбірек зардап шегетінін деректер дәлелдеп отыр. Олар нағыз жас толқын, орта буын өкілдері. Сондықтан интернет алаяқтары жайлы тұрақты негізде хабарлап, халықты ақпараттандырған жөн», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
