Жітіқара ауданында тұңғыш «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Жітіқара ауданында тұңғыш «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Жітіқара ауданы орталығындағы №10 жалпы білім беретін мектепте жас ұрпақтың бойында құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тағылымды іс-шара өтті.

Аталмыш мектепте «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, сонымен қатар жас полиция көмекшілері мектеп жасақтарының XVII аудандық байқауы өткізілді.

«Заң мен тәртіп» қағидатын жас буынның санасына сіңіруді мақсат еткен іс-шараға аудандық білім беру саласының өкілдері, полиция қызметкерлері, мектеп директорлары, ұстаздар, оқушылар мен құрметті қонақтар қатысты. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.

Іс-шараның алғашқы бөлімінде «Жас сақшы» қозғалысының маңызы мен негізгі міндеттері атап өтілді. Бүгінде Қостанай облысында осындай бағыттағы 8 полицейлік сынып жұмыс істейді. Ал №10 мектептің «Жас сақшы» сыныбының ашылуы – осы игі бастаманың Жітіқара ауданында да жалғасын табуы.

Мұндай сыныптарды ашудағы басты көздегендері оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыру.

Салтанатты сапқа тұрған 7 «Б» сынып оқушылары өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, заңды құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Одан кейін полиция бөлімінің бастығы орынбасары, полиция майоры Бахыт Салимжанов жас сақшыларға арнайы куәліктерді табыстады. Бұл сәт оқушылар үшін үлкен мақтаныш пен жауапкершіліктің белгісіне айналды.

Іс-шараның екінші бөлігінде жас полиция көмекшілері мектеп жасақтарының XVII аудандық байқауы басталды. Биылғы байқауға ауданның 13 мектебінен жасақтар қатысып, өзара білімдері мен шеберліктерін сарапқа салды. Әр кезеңде оқушылар құқықтық сауаттылығын, тапқырлығын, шапшаңдығын, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын және өмірлік жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.

Байқау тапсырмалары жасөспірімдерді тек заң талаптарын білуге ғана емес, оларды күнделікті өмірде қолдануға да бағыттады. Қатысушылардың өнері мен білімін бағалау үшін білім беру саласының өкілдері, полиция қызметкерлері, педагог-психологтар мен медицина қызметкерінен құралған қазылар алқасы жұмыс істеді.

Осындай тағылымды іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырумен қатар, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға, заңға құрметпен қарауына және қауіпсіз орта құруға үлес қосады.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті ұсынған – аудандық ішкі саясат бөлімі

Жітіқара ауданы