Еңбегі бүкіл халыққа ортақ белгілі тұлғаларды ұлықтау, дәріптеу – құптарлық іс. Біз бұл жағынан ешбір елден кем түсіп жатқан жоқпыз. Ғалымдардың, батырлар мен билердің, елге адал қызмет еткен азаматтардың рухы шат болсын деп, әрі бүгінгі жас буынға үлгі етейік деп әртүрлі іс-шаралар өткіземіз, ескерткіш тұрғызамыз. Әрине, бұл жарасымды, бұған ешкім тоқтау сала алмайды да.
Қазір тек руына немесе белгілі бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш қою белең алып барады. Бұның соңы жершілдік, рушылдыққа әкелмей ме? Осы жағын да ойласып қойғанымыз абзал. Алауыздықтың кесірінен талай рет елдігімізге қауіп төнгенін білеміз. Сондықтан, ондай жағдайға апаратын әрекеттерді доғару керек деген пікірдемін.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен, мемлекеттік органдардың басшыларымен өткен кеңесте осы жөнінде айтыпты. Осы міндетті орындау сіз бен бізге сын болып тұр. Қазір ескерткіш тұрғызып жарысатын заман емес, ғылымның, білімділердің дәуірі. Әрине, тарих керек, бірақ біз кімге құрмет көрсетіп жатырмыз? Сіз дәріптеген адам барша қазақ үшін не істеді? Осы сауалдар үнемі көкейімізде тұруға тиісті.
Батырлан САҒЫНТАЕВ,
ақын, ғалым