Дөп тиген мәселе

Дөп тиген мәселе

Бүгін бір риза болғаным – көптен бері менің ойымда жүрген бір мәселені ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дөп басқаны. Ақордада Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізіп, көп мәселе көтерді.

Соның қатарында Президетіміз:

– Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиісті. Орынсыз шешімдерге республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда сайтындағы материалда.

Апыр-ай, бірде-бір жалғандығы жоқ, шындық. Өзім біраз жылдан бері облыстық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде небір ұсыныстарды естіп, өз құлағыммен тыңдаған адаммын. Ескерткіш, бюстті айтасыз, сондай-ақ көше аттарын берудегі өрескелдік, туған-туыс, құда-жекжаттарын тықпалап, ол жерге де, елге де үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын, адамдардың есімін қоюға өлермендікпен ұмтылатындарды да көрдік. Оны айтасыз, ру-рулардың өкілдері топтанып, өздерінің арғы ата-бабаларынан батырларды іздеп тауып, соларға “ескерткіш қояйық” деп облыс әкімдерінің мазасын алғандарды да жұрт біледі. Тіпті, елордадағы елеулі лауазымда істейтін таныстарды да іске араластырып, әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшылар қоңыраулатып комиссияның шешіміне кесе-көлденең шығып, өз айтқандарын істететіндерді несіне жасырамыз? Шындықты бетке айтып, әділ сөйлеген азаматтардың сағын сындырғандар да болды. Бірақ аяқ -қолын жерге тигізбей мақтап-мадақтаған есім туралы ұсыныс айтылғаннан кейін іле-шала сол адамның қоясын ақтарған үшбу хаттар лек-легімен келіп жететінін қайда қоясыз?! Халық білмейтін, қолдан «елге орасан еңбек сіңірген» жалған «тұлғаларға» тосқауыл қою керек. Ескерткіш, бюсттің әбден қадірін кетіріп алдық. Президенттің мына сөзінен кейін ондай келеңсіз жағдайларға жол берілмейтін шығар деген үміт оты жанды. Жөнсіздікке тыйым салынатын шығар!

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы
облыстық филиалының директоры,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жаңалықтармен бөлісу