Жерлесіміз 300 шақырымды 48 сағатта жүгіріп өтпек

Жерлесіміз 300 шақырымды 48 сағатта жүгіріп өтпек

Жерлесіміз Нұрлан Ықсанов Қостанай қаласынан Аманкелді ауданына қарасты Ақсай (Бүйректал) аулына 300 шақырымдық ультрамарафонға жолға шықты. Ол 23 мамыр күні сағат таңғы 6:00-де темір жол вокзалы алдынан сапарын бастады.  

Облыс орталығынан жүгіру қауымдастығының мүшелері 20-30 шақырымдай қолдау білдіріп, еріп барады. Ары қарай қалған жолды Нұрлан Тұрсынтайұлы өзі жүгігіп өтеді.

“Қосымша қасымда көлік жүріп отырады. Сондай-ақ бір массажшы адам болады. Осы шыққаннан 25 мамыр күні таңертең, яғни, 48-50 сағаттың шамасында межелі жерге жетіп алсам деп отырмын. Алғаш рет ұзақ сапарға шықтым. Бұған дейін тек жарты күндік жүгіріске қатысқан едім. Былтыр Алматыда Іле өзенінің бойында республикалық “Tengri Ultra – 2023″ ультрамарафонына қатысып, 100 шақырымды 13 сағат 35 минутта жүгіріп өттім. Ол жердің тау-тасты, қырлы-ойлы аймақ екенін ескеру керек”, – дейді Нұрлан Ықсанов.

Арнайы кесте құрылған. Оған белгіленген уақыттың ішіне ультрамарафоншының ауқаттану, демалу уақыты да кіреді.

“Арасында демалып аламын. Өйткені ағзаны қалыпқа келтіру қажет. Шамамен, 1-2 сағаттай ғана тынығамын. Одан артық уақыт жоғалтуға болмайды. Алғашқы үзілісті 50 шақырымнан соң жасаймын. Ары қарай жүре-бара көре жатармыз”, – дейді Нұрлан Ықсанов.

Кейіпкеріміз қаңтар айында Қарағандыда өткен өзін-өзі жеңу жарысында 112 шақырымды 12 сағатта жүгіріп өткен. Қатысқан жарыстарының ішінде ең қиынға соққаны төменнен биікке Шымбұлаққа көтерілгені екен (3700 метр). Саламатты өмір салтын насихаттап жүрген Нұрлан Тұрсынтайұлы республикалық марафондардың (42 шақырым), жартылай марафондардың 21 айронмен 2 шақырым жүзу, 90 шақырым велосипед, 21 шақырым жүгіруге қатысып, жеңімпаз атанған. Қазақ жігіттерінің арасында сирек кездесетін өнер түрімен айналысып жүрген спортшыға сәттілік тіледік.

Жаңалықтармен бөлісу