Биыл Қостанай облысында автокөлік жолдарының сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, елді мекендердегі жол-көше инфрақұрылымын жаңартуға басымдық берілді. Соның қорытындысын саланың жауапты мамандары тарқатып түсіндірді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмаз Есенжолов пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Серік Қарабеков өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздесіп, жол-құрылыс жұмыстарының нәтижесін баяндады.
Биыл жол саласының бюджеті 52,3 млрд теңгені құрады. Аталған қаржыға жергілікті маңыздағы 981 шақырымдық автожол мен елді мекендердегі 400-ден аса көше жөнделді. Бірнеше ірі жоба аяқталды.
Мысалы, «Әулиекөл-Жалдама» бағытындағы, Дәмді ауылының тұсындағы көпір қайта жаңартылды. «Рудный-Қашар-Федоров» автожолының, «Қарасу-Большая Чураков» бағытының және «Қостанай-Введен» автожолының белгілі бір бөлігі орташа жөнделді. Науырзым ауданындағы Дәмді ауылының маңындағы көпір 1-қараша күні ашылғанын хабарлады жауапты маман.
«Аймақтың жол инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз. Жол сапасын жақсартуға, қаражатты тиімді пайдалануға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлетін боламыз»,– деді Алмаз Есенжолов.
Республикалық маңызы бар жолдарды орташа және күрделі жөндеуге қазынадан биыл 46,4 миллиард теңге бөлінген.

Сала маманы Серік Қарабековтің айтуынша, 380 шақырым жол орташа жөндеуден өткен және көршілес облыстар мен Ресей Федерациясын байланыстыратын бағыттарға басымдық беріліпті.
Соның ішінде Ресей Федерациясымен, Ұлытау, Ақтөбе, СҚО, Ақмола облыстарымен шектесетін жол учаскелері заман талабына сай жаңарды. Астықты өлкедегі республикалық бағыттағы жолдардың 88 %-і жақсы және орташа деңгейге жетіп отыр.
Баяндамашылар 2026 жылдың жоспарын да хабарлады. Келер жылы республикалық маңызға ие жолдардың 148 шақырымы орташа жөнделмек.
Атап айтқанда Қарабалық ауданының шекарасынан Пешков ауылына дейінгі жол бөлігі, Озерный ауылынан Қостанай қаласына дейінгі аумақ, Рудный қаласының батыс айналма жолы, Ұзынкөл ауданынан Молоканов және Тобыл қаласына дейінгі учаске алдағы жылдың жоспарына енді.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Сурет Қостанай облысының ӨКҚ-нен алынды
