Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы облыстық филиалының акциясы аясында облыс орталығының басты көшелерінде, аялдамалар мен қоғамдық орындарда, тіпті көпқабатты үйлердің кіреберіс қабырғаларында арнайы әзірленген парақшалар ілінбек. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл парақшалар – халыққа маңызды ақпарат көзі жазылған, алаяқтың айласын әшкерелейтін, ең бастысы, әр азаматты өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақыратын маңызды түсіндірме құжат.

Парақшаларда интернеттегі қылмыскерлердің ең кең тараған әдістері талданып, олардың қалай алдап-арбап әрекет ететіні нақты мысалдар арқылы түсіндіріледі. Жеке мәліметтерді сақтау мәдениеті, күдікті сілтемелерден сақтанудың амалдары егжей-тегжейлі жазылған. Төменгі жағында ЖСДП филиалының байланыс нөмірлері көрсетіліп, тұрғындарға қиындық болған кезде көмек сұрауға мүмкіндік берілген.
«Бүгінгі күнде сананы сансыратқан сан алуан интернет алаяқтық әдістері көбейіп, әсіресе, қарт жандарды, бейқам жүрген адамды тұзаққа түсіріп жатқан шақ. Сондықтан облыстық ЖСДП филиалының өкілдері тұрғындарды сақтандыруға бағытталған кең ауқымды ақпараттық акцияны бастады. Бұл акцияны, жалпы түсіндірмелі парақшаларды қаламызда іле бастадық. Біз сондай-ақ Рудный, Лисаковск, Жітіқара, Арқалық секілді облыстың ірі қалаларында да парақшаларды іліп, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Алаяқтық — бір ғана адамның емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Сол себепті біз бұл жұмысты барынша кең көлемде атқаруды жөн көрдік», — деді облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов.
Алаяқтың арбауына ең жиі түсетіндер – қарттар. Аэропорт шағын ауданында бастауыш партия ұйымының жетекшісі Жолшара Шамбұлаев тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп жүр. Оның айтуынша, интернет арқылы жасалатын құйтырқы әрекеттердің құрбаны болып жүргендердің басым бөлігі — егде жастағы адамдар.
«Біздің аудандағы қарт кісілер алаяқтардың негізгі нысанасына айналып барады. Бірі телефон шалып, «ауруханаға тіркелу үшін код жібердік» дейді, енді бірі «жақыныңыз ауыр халде» деп адамды дүрліктіріп, құпия ақпарат сұрайды. Маған да талай рет осындай қоңыраулар түсті. Адам өзінің байқаусыз бір сәтінде алданып қалуы мүмкін. Сол себепті халыққа түсіндірмелі жұмыстар жүргізіп, осындай арбауларға түсіп қалмау үшін парақшалардың ілінуі қажет», – дейді ол.
Облыстық ЖСДП филиалының өкілдері тұрғындарды кез келген күмәнді хабарламаға сенбеуге, жеке деректерді ешкімге бермеуге, банк қосымшасы мен әлеуметтік желілердің қауіпсіздігін мұқият реттеуге шақырады. Алаяқтық фактісі анықталған жағдайда уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына немесе ЖСДП филиалына хабарласу ұсынылады.
Олжас Ғабдімәлік,
ҚӨУ студенті
