Бұл жөнінде Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл ауданда аяқталатын негізгі инвестициялық жобалар баршылық. Соның бірі күн электр станциясы. Қуаты 3,2 МВт болады. Қазіргі уақытта іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Сондай-ақ, ұсақтау-сұрыптау кешені. Қуаты 100 т/сағ болатын ұсақтау-сұрыптау кешенінің 2-ші желісін салу аяқталып қалған. Мың жарым метр куб дизель отынын сақтау қоймасы бар мұнай базасының құрылысы да бітіуге таяу.
«Чайковский ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысы аяқталуда. Бұл ауданның ауыл тұрғындарын 100% орталықтандырылған сумен қамтуға мүмкіндік береді. Өткен және биылғы жылдары 1,6 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылып, желілердің тозуы 70 пайыздан 66,3 пайызға дейін төмендеді. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының 99,2%-ы газбен қамтылған. Милютин, Түргенов және Пригородное ауылдарына газ құбырларын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Шамамен 2,3 млрд теңге қажет. Жеке инвестор есебінен бұрынғы Пионерлер үйінің ғимараты 24 пәтерге қайта жабдықталып, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі», – деді Аслан Жаныспаев.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту және шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы да баяндап берді.
Осы жылдың соңғы он айының қорытындысы бойынша аудан экономикасы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетіп отыр.
Осы жылы аудан бюджетіне 11 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл ретте, меншікті кірістер өткен жылмен салыстырғанда он сегіз пайызға ұлғайып, 5,5 млрд теңгені құрады. Бұл қаржылық базаны нығайту ауданның дамуына тікелей әсер етті. Жыл басынан бері негізгі көрсеткіштер бойынша елеулі өсім байқалады.
«Ауданда өнеркәсіп көлемі 34,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 33,8%, құрылыс жұмыстары 35,7% артып отыр. Есепті кезеңде аудан кәсіпорындары 112,7 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді. Өндіріс көлемінің 72%-ға жуығы тау-кен секторына тиесілі. Хризотил-асбест өндірісі 14,1%-ға, алтын құрамды кен өндіру 6,5%-ға артты. Астық жинау науқаны сәтті аяқталып, орташа өнімділік 13,5 ц/га жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 9,4 ц/га еді», – деді Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев.
Мемлекеттік қолдау аясында «Кең Дала» жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша жиырма үш аграршы үш млрд теңге жуық несие алған. Сонымен қатар, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша құрылған «Жаңа Жітіқара» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі отыз млн теңгеден астам несие алып, макарон өнімдерін өндіруді жоспарлауда.
«Шағын және орта бизнес ауданның экономикалық саясатындағы басым бағыт болып қала береді. Аудан аумағында 1942 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. ШОБ саласы 37,3 млрд теңгенің өнімін шығарды, бұл облыстық көрсеткіштің 3,4%-ын құрайды. Жыл басынан бері сауда, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орталықтары салаларында жалпы 52 млн теңге инвестиция салынған сегіз жаңа нысан ашылып, сегіз жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы 2113 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Әлеуметтік осал топтардағы азаматтарға жалпы сомасы 11 млн теңгеге жеті грант берілді», – дейді аудан әкімі.
Сондай-ақ Денисов-Жітіқара-Мүктiкөл-РФ шекарасы республикалық жолының 44 шақырымдық учаскесінің жөндеуі аяқталды. Аудандық жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 55%-дан 77%-ға дейін арттыру жоспарлануда.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауданда жүзге тарта іс-шара, оның ішінде 43 сенбілік өткізіліп, 2,5 мың көшет отырғызылды. Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру үшін қосымша қырыққа жуық бейнекамера орнатылып, жалпы қалалық желі 240 камераға жетті. Жыл басынан бері аудандық ауруханаға сегіз дәрігер қабылданды. Павлов көшесіндегі бұрынғы емхана ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Болашақта Жітіқара аудандық ауруханасы базасында өңіраралық көпсалалы аурухана құру жоспарланып, оны МРТ және ангиограф сияқты заманауи жабдықтармен жарақтандыру көзделген», – дейді аудан басшысы.
Сералы МЫРЗАБАЙ
