Қостанайда студенттерге арналып, жат ағымдарға қарсы іс-шара өтті

Қостанайда студенттерге арналып, жат ағымдарға қарсы іс-шара өтті

Жас ұрпақтың теріс ағымның жетегінде кетпеуі үшін алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Бүгінде арандатушылар адам тарту үшін әлеуметтік желіне кеңінен пайдаланады екен. Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде өткен басқосуда жастарды жат ағымнан сақтануға үгіттейтін іс-шара өтті.
Қостанай қалалық әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен, қалалық дін және этносаралық мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері оқу орнында болып, студенттермен кездесті. Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Руслан Мырзағалиев сөз сөйледі.

“Іс-шарамыз діни экстремизм мен терроризм, басқа да жат ағымдардан жастарды аулақ болуға шақыруға бағытталған. Студенттерді осындай ағым өкілдерінің әсер ету формаларымен, қалай өздеріне тартатындығы жайлы таныстырдық. Деструктивті діни ағымдар олардың дүниетанымына қалай әсер етуі мүмкін және оларға жол бермеу үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап берілді. Қазақстан зайырлы мемлекет. Әрбір азамат, оның ішінде жастар зайырлы мемлекет қағидаттарын қолдауы керек деп есептеймін. Студенттер де сұрақ қойып, тиісті жауап алды. Жастардың дені деструктивті, радикалды ағымдарға қалай шатылғанын өздері де білмей қалып жатады. Сондай жағдайдан аулақ болуы үшін арнайы әзірленген бейнероликтер көрсетілді”, – дейді Руслан Мырзағалиев.

Университет оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бағытжан Алшанова іс-шараның өте өзекті екенін айтады. Ол өз сөзінде жастарды елдің нағыз азаматы, ұлтын сүйген ұл-қызы болуға шақырды.

“Мемлекетіміз тұрақты дамып келеді. Осы қалпымыздан таңбау үшін жастарымыз білімді, ақылды болуы керек. Біздің болашағымыз жастар деп бекер айтылмаған. Сенім артып отырған жастарымыз бүлінер болса, іргетасымыз сөгіледі. Сол себепті осы бағыттағы алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жиі өткізіп, жалғастыру керек. Жас болған соң сезімтал келеді. Кейде болмашы мәселеге ерік беріп жатады. Ондай сәтте адам түк ойламай, ойланбай әрекет етеді. Жастарға айтарым, керісінше, басқа түскен жағдайға мығым болыңдар. Ойланып, ойласып шешім қабылдаңдар. Елдің ертеңі сендерсіңдер. Сол себепті өзге елдің, өзге деннің айтқанына көнбей, өз елдеріңнің нағыз жанашырлары болыңдар”, – деді Бағытжан Алшанова.

Жат ағым өкілдері адам басына қиындық келгенде, қандай да бір мәселеге тап болғанда, жақындап шын жанашырлық көрсеткендей кейіп танытып, кейін өз қатарына қосып алатыны жайлы айтылды. Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Дана Тоқбаева да сөз сөзінде осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылатынын жеткізді.

“Біздің өткізіп отырған іс-шарамыздың мақсаты – жас ұрпақты экстремистік және жалған діни ұйымдардың зиянды әсерінен қорғау. Бұл ұйымдардың өкілдері жастардың сеніміне кіріп, оларды түзу жолдан тайдыру үшін манипуляциялық әдістер мен эмоционалдық тәсілдерді шеберлікпен пайдаланады. Олардың әдістерінің бірі – жастардың әлеуметтік проблемаларын, өмірлік қиындықтарын пайдалану. Көбінесе, өзін-өзі табуда қиындықтары бар, әлеуметтен тыс қалған, немесе өмірдегі әділетсіздікке наразы жастар осындай ұйымдардың жемін оңай болады. Бұл ұйымдар жастарға жалған уәделер беріп, олардың қорқыныштарын, үміттерін пайдаланады, соның арқасында өздерінің идеологиясын таратып, қатарына тартады. Сондықтан біз жастардың сана-сезіміне, ойлау қабілетіне оң әсер ететін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз”, – дейді Дана Тоқбаева.

Сондай-ақ, кездесуде жастарды ақпаратты сыни бағалауға, жарнама мен пропаганданы терең зерделеу керектігі айтылды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу