Қостанайлық найб имам ораза ұстауға ниеттенген жандарға арналған кеңестерін айтты 

Қостанайлық найб имам ораза ұстауға ниеттенген жандарға арналған кеңестерін айтты 

Ораза – мұсылманның бес парызының бірі. Алайда оны бірінші рет ұстауға ниеттенген жандарда түрлі қорқыныш пен күмән болуы мүмкін. Марал ишан мешітінің найб имамы Нұрлыбек Қожаспайұлы осыған байланысты пайдалы кеңестерін бөлісті.

Найб имамның айтуынша, алғаш рет ораза ұстаған адамда жүрегінде үрей пайда болады. “Мен оразаны толық ұстай алам ба?”, “Жұмысым немесе оқуым қалай болады?” деген сұрақтар әркімнің көкейінде тұрады. Алайда бұл қорқынышты жеңудің басты жолы – Аллаға тәуекел ету.

“Сабыр мен сенім – жеңілдік кілті. Оразаның алғашқы күні адам үшін ауыр болуы мүмкін. Қасындағы адамдар тамақ ішіп, су ішкенде, төзімділік таныту қиынға соғады. Бірақ бір күндік сабырдан кейін ораза ұстау жеңілдей түседі. Екінші күні бұрынғыдан оңай болып, үшінші күні қуаныш сезімі пайда болады” – дейді Нұрлыбек Қожайпайұлы.

Демек, әр сынақ – уақытша қиындықтар есте ұстаған абзал.

Нұрлыбек Қожайпайұлы ораза кезінде кездесетін қиындықтарды сынақ ретінде қабылдау керектігін айтады.

“Жұмыста, оқуда немесе үйде мәселелер туындауы мүмкін. Бірақ бұлар уақытша екенін түсініп, сабыр сақтау қажет”, – дейді ол.

Осы арада зекет мәселесіне назар аудару керектігін ескертті.

“Қазіргі таңда Қостанай өңірінде мұсылмандардың 98%-ы зекет туралы терең білімге ие емес. Намаз, ораза, дәрет мәселелері жиі айтылғанымен, зекетке қатысты тақырыптар сирек қозғалады. Сондықтан зекет беру мәселесінде арнайы маманнан шариғи тұрғыда кеңес алу өте маңызды”, – дейді Нұрлыбек Қожайпайұлы.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ораза айы наурыздың бірінде басталып, жиырма тоғыз күнге жалғасады. Пітір садақасы 655 теңгеге белгіленді.

Оразаны алғаш ұстаған жандар сабыр мен сенім арқылы бұл сынақтан абыроймен өтуге жазсын. Ниеттінің ісі оң болатынын ұмытпай, Алла жолында тәуекел етейік. Зекет сияқты маңызды парыздарды ұмытпай, діни сауаттылықты арттыру парызымыз.

Айбол Өміртай

ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу