– Соңғы он жылда мұндай көлемдегі астықты компания алғаш рет өткізді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ішкі нарыққа 390 мың тонна астық жіберді, тікелей экспорт – 360 мың тоннаны құрады, тағы 453,3 мың тонна астық шетелге трейдерлер арқылы жөнелтілді. Нәтижесінде Азық-түлік келісімшарт корпорациясының республикалық астық экспортындағы үлесі 8,9%-ға жетті. Бұған дейінгі жылдары ол 3-5%-дан аспайтын, – деп түсіндірді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.
Бидай жеткізілімі дәстүрлі нарықтарға – Қытай, Орталық Азия, Иранға, сондай-ақ жаңа экспорттық алаңдарға – Марокко мен Вьетнамға жүзеге асырылды. Бес жылдық үзілістен кейін корпорация Әзербайжан мен Грузияға астық жөнелтуді қайта бастады. Жеткізулердің жандануына бидайды алыс басым нарықтарға тасымалдау шығындарын субсидиялау бағдарламасы айтарлықтай ықпал етті. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тұтынушылары қазақстандық жұмсақ стандартты бидайдың сапасын жоғары бағалады.
– Бұған дейін Қазақстан әлемдік нарықтарда негізінен қатты (дурум) немесе жоғары протеинді (hi-pro) бидай жеткізуші ретінде танымал болатын. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдік серіктестер қазақстандық жұмсақ бидайдың сапасын бағалап, қазір ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға сұраныс жіберіп отыр, – деді Азық-түлік келісімшарт корпорациясы басшысы.
Атап айтқанда, Таиланд, Мьянма, Алжир қазақстандық астыққа қызығушылық танытуда. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының маңызды жетістіктерінің бірі – Марокко мен Вьетнамға астықты мультимодальды жеткізуді ұйымдастыру болды.
