Биылғы Рамазан айының алғашқы күні 1 наурызға сәйкес келеді, ал 28 ақпан күні кешке алғашқы тарауық намазы оқылады. Ораза 29 күнге созылып, 30 наурызда Ораза айт басталады.
Қасиетті Қадір түні 26-нан 27 наурызға қараған түнге белгіленген. Биылғы пітір-садақа мөлшері – 655 теңге. Ораза ұстай алмайтын, созылмалы ауруы бар азаматтар бір күндік таңғы және кешкі ас мөлшерінде 3520 теңге фидия садақасын береді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев таратып айтып берді.
– Рамазан айында мешіттер мен қоғамдық ұйымдар тарапынан бірқатар қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады: Мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен көмек көрсету. «Көршіге қуаныш сыйла!» акциясы, Жарапазан эстафетасы, «Ораза сыйы», «Ораза тәттісі» атты дәстүрлі қайырымдылық шаралары. Тарауық намазы және рухани бағдарламалар өткізіледі. Мешіттерде күнделікті ауызашар беріледі. Онлайн және офлайн түрде Құран хатым жасалады. Әлеуметтік желілерде Рамазан айының құндылықтары насихатталады. Бұл игі шаралар халықтың рухани байланысын күшейтіп, мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттауға бағытталған», – дейді Бектұрсын Торғайбайұлы.
Бектұрсын Торғайбайұлының айтуынша, әсіресе, қасиетті Рамазанда адам әрбір күнін пайдалы іспен өткізуге тырысуы керек.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазанға өте бір дайындықпен келетін еді. Яғни, мұсылман баласы он бір айдағы жаман қылықтардан арылуға тырысуы қажет. Біз Рамазанға ұстаз ретінде қарауымыз керек. Егер, бойымызда адамды жамандау, ғайбаттау, өсек айту, әлеуметтік желілерден болмайтын нәрселерді көру, ұйқы, сериал қарау сияқты қасиеттер болса, ұстаған оразамыз бекер болуы мүмкін. Шама келсе, таңғы сәреге тұрайық. Алланың кәләмі болған Құранды үйренуге, оның қазақша мағынасын түсінуге, кітап оқуға уақыт арнайық. Бір сағатыңызды дұғаға арнауға, ағайындарға хабарласып, жағдайын білуге, ата-анаңызды разы етуге, садақа жасауға арнаңыз. Оразаны мәнді, мағыналы, рухани тұрғыдан дамытатын амалдардың қатарын алаш арыстарының өмір жолын оқып шығумен де толықтыруға болады. Кемінде бір аят, бір хадис жаттасаңыз, тіптен ғанибет. Жамандықты жақсылыққа ауыстыруға, тілімізді дұға айтуға бағыттайық,– деді Бектұрсын Торғайбайұлы.
Қостанай қалалық әкімдігі тарапынан тарауық намазына келушілерге арнайы автобустар ұйымдастырылады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ