Ауылда хоккей корты ашылды Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Ауылда хоккей корты ашылды

Меңдіқара ауданының Харьков ауылында хоккей корты ашылды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысанның жалпы ауданы – 2 мың шаршы метр.

Мұз айдыны ауыл жастарына спортпен шұғылданып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Мұнда 60 бала хоккей мен мәнерлеп сырғанаумен айналыса алады.

Жаз мезгілінде алаңда футбол, баскетбол және волейбол ойындары өтеді. Корттың ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барып, саланаттаы іс-шараға ауыл халқы түгел жиналды.

«Ең алдымен сіздерді заманауи хоккей кортының ашылуымен құттықтаймын. Президенттің тапсырмасына сай, өңірімізде бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Облыс тұрғындарының тұрақты түрде салауатты өмір салтымен айналысулары үшін бар жағдайды жасаудамыз. Облыс көлемінде түрі спорт нысандары салынып жатыр. Мәселен, былтыр облыста 17 спорттық нысан ашылды. Мына ұл-қыздардың арасынан болашақта ел мерейін асқақтатын спортшылардың шығатынына сенімім мол. Орталық жастардың жақсы демалатын жері болсын», – деді облыс әкімі.

Осы жобалардың әрқайсысы – өңіріміздің дамуына қосылған үлес. Ауылдық жерлерді өмір сүруге және еңбек етуге қолайлы ету үшін жұмысымызды жалғасын таба бермек.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Меңдіқара ауданы