Жеңіс тағы ұзынкөлдік мергендерде

Жеңіс тағы ұзынкөлдік мергендерде

Қостанай қаласында әскери-патриоттық клубтар арасында жыл сайын өтетін «Мерген шебі» атты оқ ату чемпионатында ұзынкөлдік оқушылар үздік атанды. Биылғы сайысқа облыстың әр өңірінен 27 команда қатысып, жоғары шеберліктері мен мергендік дағдыларын көрсетті.
Ұзынкөл ауданының намысын бұл жарыста «Патриот» әскери-спорттық клубының (Троебрат орта мектебі мен Ұзынкөл №1 орта мектебінің құрама командасы, жетекшісі Сергей Лезбаев) және «Бүркіт» әскери-патриоттық клубының (Ершов орта мектебі, жетекшісі Сергей Мишура) жас мергендері қорғады. Жарыс барысында қатысушылар пневматикалық винтовкадан ашық көздеуішпен 10 метр қашықтықтан 20 оқ атып, мергендік дағдыларын сынады. Әр оқтың дәлдігі командалық ұпайды есептеуде маңызды рөл атқарды.

Шаршы алаңдағы қызу бәсеке нәтижесінде «Патриот» клубы өздерінің өткен жылғы жетістігін қайталап, облыстық чемпионаттың бас жүлдесін иеленді. «Бүркіт» клубының жас мергендері де жоғары нәтиже көрсетіп, екінші орыннан көрінді.

Жеке біріншілік нәтижелері бойынша 1 орынды  Ксения Куденко (Троебрат орта мектебі) пен  Валерия Горецкая (Троебрат орта мектебі) алды, екінші орынға  Азамат Түліпергенов (Ұзынкөл №1 орта мектебі), Артем Горбатенков және Мариям Жақыпова (екеуі де Ершов орта мектебінен) ие болды, үшінші орынды   Никита Лыхно (Ершов орта мектебі) қанағат тұтты.

– Жыл сайын ақпанда тәрбиеленушілерім осы жарысты асыға күтеді. Бұл – тек шеберлікті сынау ғана емес, өзіңді қиын жағдайда сынау мүмкіндігі, – дейді «Патриот» клубының жетекшісі Сергей Лезбаев.

Жеңімпаздар алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы уақытта да өз шеберліктерін шыңдап, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді мақсат ететіндерін айтты.

Арсен КОНКАЕВ,
ҚӨУ студенті
Ұзынкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу