Жастармен дін мәселесі бойынша жүйелі әрі мазмұнды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту – уақыт талабы. Осы мақсатта облыстық дін істері басқармасының «Діни проблемаларды зерттеу орталығы» КММ бастамасымен «Жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әдіснамалық аспектілері» тақырыбында ауқымды оқыту семинары ұйымдастырылды.
Іс-шараға ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, жоғары оқу орындары мен колледж оқытушылары, мектеп басшылары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Семинар барысында жастар аудиториясымен жұмыс істеудің тиімді әдіс-тәсілдері талқыланып, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.

Жиында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы, әдіснамалық негіздері және заманауи форматтағы жұмыс тетіктері кеңінен сөз болды. Қатысушылар жастардың діни сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру және радикалды идеологиялардың ықпалына қарсы иммунитетті күшейту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.
Дәріскер ретінде философия ғылымдарының PhD докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Философия» кафедрасының аға оқытушысы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Толғанай Мұстафина шақырылды.

Ол жастар аудиториясымен жұмыс істеудің жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті.
«Бүгінгі аудиторияның басым бөлігі – жастар. Сіздердің көпшілігіңізде белгілі бір тәжірибе, нақты кейстер бар. Сол тәжірибелерді жинақтап, ортақ әдістемелік тәсілге келуге тырысамыз. Теорияға аз уақыт бөліп, интерактивті форматта жұмыс істесек, бұл тәсілдер өз аудиториямызда қолдануға ыңғайлы болады», — деді спикер.
Оның айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмысы тек дәріс оқумен шектелмеуі тиіс. Қазіргі жастарға құрғақ насихат емес, ашық диалог, пікірталас, нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндіру әлдеқайда тиімді.
«Жастар – қоғамның осал тобы. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмысы ғылыми негізде, заң аясында және психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып жүргізілуі тиіс. Түсіндіру тобы құрамында дінтанушы, тарихшы, психолог, заңгер мамандардың болуы – сапалы жұмыстың кепілі», — деді ол.
Семинар барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, проблемалық сұрақтарды талқылады. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы таралатын радикалды идеологиялардың ықпалы, жалған діни ағымдардың жастар санасына әсер ету тетіктері кеңінен сөз болды.
Спикердің пікірінше, жастарға тек тыйым салу немесе қорқыту әдісімен емес, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру арқылы әсер ету қажет.
«Егер біз жастарға ақ пен қараны ажыратуды, ақпаратты сүзгіден өткізуді, манипуляцияға қарсы тұруды үйретсек, онда олардың діни иммунитеті қалыптасады. Бұл – ұзақ мерзімді, бірақ ең тиімді жол», — деді Толғанай Вагизқызы.
Семинар барысында ақпараттық-түсіндіру топтарының өткен жылғы жұмысы да сараланды. Былтыр өңір бойынша мыңнан астам адам ақпараттық шаралармен қамтылған. Бұл – жастар аудиториясының едәуір бөлігі. Биыл қатысушылар санын кеңейтіп, үкіметтік емес ұйымдарды да тарту жоспарланған. Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Оның бірі – жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың әдістемелік аспектілері болса, екіншісі «Мектеп негізі» патриоттық жастар жобасының таныстырылымы.
Семинар соңында қатысушылар мұндай кездесулердің тәжірибелік маңызы зор екенін атап өтті. Ақпараттық-түсіндіру топтарының мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында тұрақты түрде кездесулер өткізуі – жастардың діни сауаттылығын арттыруға, радикалды идеологиялардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Мамандардың айтуынша, діни білім беру қызметі тек заңмен рұқсат етілген мекемелерде ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ал түрлі ұйымдардың заңсыз діни үгіт жүргізуіне жол бермеу – ортақ міндет.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
