“Жастар Рухы” белсенділері мен Қостанай өңірлік университетінің студенттері қарашаңыраққа бас сұқты. Олар “Аманат” партиясы мен “Қостанай таңы” газеті бірлесіп ұйымдастырған Ұлттық басылым күніне арналған кездесуде ата басылымның тарихымен танысып, бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар болды.
«Қостанай таңы» газеті өңірдегі жастармен тығыз байланыс орнатып келеді. Әсіресе, Қостанай өңірлік университетінің студенттері тәжірибеден өтіп, шығармашылық орта қазіргі заманауи ғұрыпқа сай әлеуметтік желілерге үлкен мән беретінін көрсетті. Бұл туралы газеттің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы «Аманат» партиясының Қостанайдағы филиалымен Ұлттық басылым күніне арналған іс-шарада айтып берді.
«Бүгінде «Қостанай таңы» облыстағы қазақ тіліндегі жалғыз басылым. Жүз жылдан бері ана тілімізде насихатталуы үлкен мәртебе. Қарашаңырақтың негізін Қарабалық ауданының тумасы, қазақтың кәсіби алғашқы журналистерінің бірі Мұхамеджан Сералин қалады. Газет тарихында қазақтың маңдайына біткен ұлы Бейімбет Майлин терең із қалдырды. Бүгінде шығарылған әрбір ақпаратты жан-тәнімен оқып келе жатқан газет оқырмандары, әлеуметтік желілерімізге жиі хабарласып өз ойларын білдіреді. Бұл үрдіс Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ тілі мәртебесінің өскенін айғақтайды», – деді бас редактор.
Жастарды ұлттық дәстүрді сақтауға шақырды.
«Сіздермен «Аманат» партиясының филиалымен бірлесіп, Ұлттық басылым күнінде қауышып отырмыз. Бұл күнді 2023 жылы Президентіміз жария етті. 1913 жылы халықтың мұң-мұқтажын көтерген «Қазақ» газеті жарық көргенін білесіздер. «Қостанай таңы» бүгінде осы газеттің негізін жалғастырып келе жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының мына сөзі әр қазақтың бойында сақталса деймін: “Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Ұлттық басылымның негізгі мақсаты да сол. Ұттық құндылық – ұлттық тәрбие, ұлттық санадан бастау алады», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.
Осы тұста әлеуметтік желілердің пайдасы болғанын да айта кеткен жөн.
Кітаптың адамның дамуы үшін қаншалықты қажеттілігін көрсетіп берді. Нәтижесінде қазір кітаппен қатар, ортаның газетке деген көзқарасы өзгерді.
Бұрынғы сарындағы: «Газет қоғамда оқылмайды, жастар журнал алмайды» деген қасаң түсініктен қазіргі қоғам арыла бастағаны қуантып отыр. Бұл қасиет қарашаңыраққа ат басын бұрған болашақ мамандардың да бойынан көрінді. Басылымның ғасыр бойғы тарихымен танысып, білімге деген зор ұмтылыс байқатты.
Мәселен, Нұрай Нұрболатқызы сонау Атырау қаласынан келіп, Қостанай өңірлік университетінен білім алып жатыр. Атырау жоғары медициналық колледжінің түлегі оқуын акушер мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол мамандық бойынша онкология саласында, перзентханада жұмыс істеген. Журналистикаға келудегі негізгі себебін бойындағы дарынымен байланыстырады. Жайық топырағынан бастау алып, тұңғыштар елі Қостанай жұртымен қауышқанын әрқашан мақтан етеді.
«Журналистиканы кез келген мамандық иесімен араласа алатын құрал ретінде қарастыруға болады. Ол адамның білім мен ізденімпаздығын дәріптейді. Санасы мықты адам саналы сөз қалдырады. Қазір біз ақпараттық дамуыдың үстіндеміз. Ол дегеніміз өз алдына салынған жүген іспеттес», – дейді Нұрай Нұрболатқызы.
Оралдан оқуып іздеп келген Элеонора Кадерованың талғамы да биік.
««Қостанай таңы» газетін танып-білгеніме қуаныштымын. Болашақта осы салада жұмыс істеген ұнайды. Осы жақтың тұрмысы ұнағандықтан Қостанайды таңдадым», – дейді Элеонора Кадерова.
Жиналған жастар жүз жылдық тарихы бар «Қостанай таңына» ықылым заманнан бергі ұлттық тілі жоғалмаған қазақ тілінің қаз қалпында сақталуына ұйытқы болған ұлық ордасы деген баға берді.
«Қазір Ұлық тілдің ұлылығын дәріптеп жүрген – Қостанай таңы. «Аманат» партиясының сіздермен бірлесіп ұйымдастыруымен ұлттық басылым күні аталып жатыр. Бұл дегенімз қазіргі жастардың бойындағы қазақ тілінің мәртебесінің жоғары екенін білдіреді. Басылым тарихымен экскурция барысында да танысып жатырмыз. Қаншама тұлғаларды танып білдік», – дейді «Аманат» партиясы «Жастар рухы» орталығының белсендісі Динара Клишбаева.
Шынтуайтында, жүз жылдық тарихтың ғана емес, сонау қазақтың бойына біткен көптеген зобалаңнан шыққан Алаш тілінің жанашыры ретінде таныла бергей.
Суреттерді түсірген – Жансая Сәбитбек