Танымал балуан Алмат Кебіспаев Қостанайға арнайы келді

Танымал балуан Алмат Кебіспаев Қостанайға арнайы келді

Грек-рим күресінен спорт шебері, әлем чемпионатының жүлдегері, Азия ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы, Ұлттық құраманың сапында он сегіз жыл бойы ел намысын қорғаған Олимпиада ойындарының екі мәрте қатысушысы Алмат Кебіспаев жақында Қостанай қаласына ат басын бұрып, жас спортшыларға шеберлік сабағын өткізді, ашық сұхбат құрды. Біз де осы сәтті пайдаланып, Алмат мырзамен арнайы әңгімелескен едік.

– Алмат мырза, Қостанайға қош келдіңіз. Жарыс жолыңыз қалай басталды? Әр спортшының алғашқы қадамдары қиын болатыны белгілі…

– Рахмет! Біріншіден, Қостанайға шақырған азаматтарға, нақтырақ айтсам, жергілікті федерация мен қала басшылығына алғысым шексіз. Мұндағы спорт мектебінің шәкірттерімен кездесіп, тәжірибеммен бөлісіп, ашық әңгіме өрбіту мен үшін үлкен қуаныш. Өзім Абай облысы, Үржар ауданының тумасымын. Күреспен он екі жасымнан бастап айналыстым. Сегізінші сыныпқа келгенде, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатына қабылдандым. Сол жерде жерлестеріңіз Мақсат Ережепов, Абай Зәкіровтермен бірге білім алып, жаттығу жасадық. Ол интернаттың маған бергені өте көп, нағыз спорттық орта болды. Жалпы менің де алғашқы жарыстарым жеңіліспен басталғанын айта кетейін. Әсіресе, аудандық біріншіліктерде жеңіліп қалған кездер өте ауыр тиген. Сондай сәттерде мені алға жетелеген әкемнің үміті мен қолдауы. Ол кісі әрқашан дем беріп отыратын. Содан кейін бірте-бірте облыс- тық, республикалық додаларға қатыса бастадым. Өзім де байқамай, халықаралық ареналарға жол ашылып, үлкен додаларға шықтым.

– Олимпиада ойындарына қатысу – әр спортшының арманы. Сізге ол мәртебе екі рет бұйырыпты…

– Иә, алғаш рет 2012 жылы Лондон Олимпиадасына жолдама алдым. Оған дейін төрт кезеңдік дайындықтан өттік. 2016 жылы Бразилия Олимпиадасына да қатыстым. Екеуінде де жүлдеге қол созатын мүмкіндіктер болды, бірақ сәл ғана жетпей қалдым. Бұл жерде тек физикалық емес, моральдық дайындықтың да маңызы зор екенін түсіндім. Бастапқыда өзіме деген сенім болмады. Ал спортта сенім – бәрінен жоғары.

– Отбасыңыз туралы да аз-кем айтып өтсеңіз. Әсіресе, әкеңіздің ықпалы жайлы кеңірек білгіміз келеді.

– Тағы айта кетейін, менің алғашқы және басты мотиваторым – әкем. Ол кісі мені спортқа әкелді, қолдады, жеңіліс кезінде дем берді. Анам музыка мектебінде жұмыс істейтін. Сымбат деген туған ағам екеуміз жарыста ұтылып келсек, мектеп ұжымы бізді домбыра, баянмен қарсы алатын. Сондайда қатты ұялып, келесі жолы міндетті түрде жеңу керек деп өз-өзімізге серт беретінбіз. Қазір сол сәттерді үлкен сағынышпен еске аламын. Отбасымда үш қызым, бір ұлым бар. Балаларымды спортқа баулып, тәрбиелеп келемін. Әкемнен алған тәлім-тәрбиені ұрпағыма бергім келеді. Олар да үлкен жетістіктерге жетсе деген арманым бар. Мына бір оқиға есімнен кетпейді. Соңғы жекпе-жекте жарақат сыр беріп, дәрігерлер жарыстан бас тартуға кеңес берді. Бірақ сол жолы намысты қолдан бергім келмеді. Әкемнің кеңестері көз алдыма келіп, жауапкершілікті өз мойныма алдым, қолхат жазып, кілемге шықтым. Соның арқасында титул менде қалды. Бұл Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия чемпионатында болды. Мәңгі есімде қалады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Күрестің тарихына, ережесіне тоқтала кеткім келіп отыр. Жалпы Грек-рим күресі – ежелгі Олимпиада ойындарымен бірге пайда болған спорт. Тарихындағы алғашқы кездесу бір жарым күнге дейін созылған екен. Жауырыны жерге тигенше күрескеннен кейін ереже енгізіліп, уақыт шектеуі қойылды. Қазір қарсыласын тепе-теңдіктен шығарып, ұпаймен немесе таза жеңіспен аяқтау маңызды. Әр спортшының өзіне тән әдісі бар. Соған жету үшін ақыл мен күш қатар жүруі тиіс.

– Қазір де күреспен айналысып жүрсіз бе?

– Қазіргі таңда Алматы қаласындағы респуб- ликалық спорт мектебінде спорт директорының орынбасарымын. Сол мектепте он екі спорт түрі бар. Жастарға кеңес беріп, білгенімді үйретіп, үлесімді қосып жүрмін. Мен үшін бұл – үлкен жауапкершілік әрі абырой. Шәкірттерім Азия чемпионаттарында топ жарып, әлем ареналарынан жүлде алып жүр. Осы арқылы спортқа берген еңбегім зая кетпегеніне көзім жетеді. Ең бастысы – ар-намыс пен тұрақтылық. Ұтылсаң, жер көтереді. Бірақ жеңілістен сабақ алып, қайталамау – нағыз мықтылық. Әр спортшының жолында қиындық болады. Арман мен мақсат болса, бәрі де орындалады. Адал еңбек түбінде өз жемісін береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен – Айбек ЖҮЗБАЙ