«Кондитерлік астана». Жаңа ірі кәсіпорынның іргесі қаланады

«Кондитерлік астана». Жаңа ірі кәсіпорынның іргесі қаланады

«Баян Сұлу» акционерлік қоғамы «Кондитерлік астана» аталатын технологиялық өндірістік кешенінің құрылысы басталмақ. Бүгін болашақ нысанның қазығын қағуға арналған ресми іс-шара өтті.

Әлемнің 35 еліне өнім шығаратын алпауыт фабрика тағы бір ауқымды кешеннің құрылысын қолға алғалы отыр. Жобаның жалпы құны – 14,2 млрд теңге. Келешекте 260 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Кәсіпорын аумағында «Кондитерлік астана» кешенінің алғашқы тасын қою рәсімі өтті. Іс-шараға өңірге белгілі еңбек адрагерлері, зиялы қауым өкілдері, батагөй ақсақалдар шақырылған. Меймандарға болашақ кешен туралы жан-жақты ақпарат беріліп, оның экономикалық маңызы жөнінде айтылды.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев таяудағы Үкімет отырысында шикізатты терең өңдеудің маңызын тағы да атап өтіп, оның үлесі 70 пайызға жеткізу қажет екенін айтты. Былтыр ғана 50 жылдығын атап өткен «Баян Сұлу» фабрикасында жаңа ірі жобаны бастағалы отырмыз. Бұл еліміздегі кондитерлік өнімдер өндіретін ең ауқымды кәсіпорынға айналады.  Мұнда жылына 15-16 мың тонна өнім өндірілмек. Бұған қазақстандық шикізат қолданылады. Бұл өңір экономикасының еңселенуіне, инвестиция үлесін арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, экспорт әлеуетін ұлғайтуға ықпалды кәсіпорынға айналғалы тұр», – деді облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Кешен «Баян Сұлу» кәсіпорны маңынан, Лермонтов көшесі бойында орын тебеді. Мұндағы ескі ғимарат өңделіп, оған жалғастырылып жаңа кешендер салынады.

«Ұзындығы шамамен 200 метрдей, ені 30 метр болады. Мұнда инновациялық технологиялармен жұмыс істейтін білікті кадрларды өзіміз даярлаймыз. Мұнда бәрі заманауи, жаңа құрылғы-жабдықтар болады. Жоғары сапалы еуропалық жүйелер орнатылады. Жобаны мемлекеттің, Қазақстан даму банкінің және жергілікті әкімдіктің қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін болмас еді», – дейді «Баян Сұлу» АҚ басқарма басшысы Тимур Садықов.

Кешеннің алғашқы тасын қою рәсімін өткізу құрметі еңбек ардагерлеріне берілді.Ақсақалдар ақ батасын беріп, кешеннің келешегіне табыс тілеп, жүрекжарды лебіздерін айтты. Қарияларға арналып жайылған тәтті шай үстінде келелі әңгімелер өрбіді.

Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу