Жастардың табандылығы: оқу мен жұмысты қатар алып жүрген студент тәжірибесі

Жастардың табандылығы: оқу мен жұмысты қатар алып жүрген студент тәжірибесі

Қазіргі таңда жастардың өмір салты айтарлықтай өзгеріп келеді. Университет қабырғасындағы студенттер тек білім алып қана қоймай, еңбек нарығында да белсенділік танытып жүр.

Олар оқу мен жұмысты қатар алып, өз болашағын ерте жастан қалыптастыруға ұмтылуда. Осындай жастардың бірі – Дүйсенбек Ақмоншақ.

Ол журналистика кафедрасының үшінші курс студенті. Оқуымен қатар университет ішінде мобилограф және пиар (PR) маманы ретінде жұмыс істейді. Бұл қызмет оның медиа саласындағы тәжірибесін арттырып, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Ақмоншақ университеттегі түрлі іс-шараларды фото және видеоға түсіріп, оларды өңдеп, әлеуметтік желілерге жариялаумен айналысады. Сонымен қатар ақпараттық-имидждік жұмыстарға қатысып, университеттің жаңалықтарын көпшілікке жеткізуге үлес қосады.

«Оқу мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен бұл маған үлкен тәжірибе беріп жатыр. Мобилограф ретінде түсіруді, монтаж жасауды үйрендім, ал PR саласында ақпаратты дұрыс жеткізуді меңгеріп келемін. Уақытты тиімді жоспарлау өте маңызды», – дейді ол.

Оның айтуынша, университеттегі жұмыс студентке теорияны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл болашақта кәсіби маман болып қалыптасуға үлкен әсер етеді.

Ақмоншақ алдағы уақытта медиа және PR саласында кәсіби деңгейде дамуды мақсат етеді. Қазіргі тәжірибесі оның сол жолдағы алғашқы маңызды қадамы болып саналады.

Мұндай студенттердің көбеюі жастардың еңбекке ерте араласып, өз мүмкіндігін дамытып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашуда.

Ақерке АРЫСТАНБАЙ

ҚӨУ студенті