Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласында өткен өнеркәсіптік дизайн технологиялары бойынша WorldSkills Industrial Design Technology International (Shenzhen) Invitational Tournament халықаралық турнирінде Дарья Мельник жеңімпаз атанды.
ҚР Оқу-ағанрту министрлігінің мәліметінше, халықаралық деңгейдегі беделді додаға Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия, Сауд Арабиясы және Қытай елдерінің жас мамандары қатысқан.
Қазақстан намысын қорғаған Дарья – Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінің үшінші курс студенті. Ол «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреті бойынша WorldSkills Kazakhstan–2025 ұлттық чемпионатының жеңімпазы болып отыр.«Байқау барысында қатысушылар өнеркәсіптік дизайн саласындағы кәсіби құзыреттерін, инновациялық ойлау қабілетін және практикалық дағдыларын сынады. Нәтижесінде Дарья Мельник І орынды иеленіп, халықаралық турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды. Студентті жарысқа Ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Борис Григорьев дайындады», – делінген мәлімдемеде.


Қазақстандық студенттің бұл жетістігі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапасы мен отандық жастардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Сонымен қатар еліміздің WorldSkills қозғалысындағы әлеуетін айқындап, қазақстандық мамандардың кәсіби шеберлігі әлемдік деңгейде жоғары бағаланатынын дәлелдеді.
Олжас Ғабдімәлік,
ҚӨУ ситуденті
