Жартыжылдық қорытынды: өсім, даму, өркендеу

Жартыжылдық қорытынды: өсім, даму, өркендеу

Облыс экономикасының даму бағыты соңғы жылдары аграрлық саладан бөлек өңдеу өнеркәсібіне қарай ойысты. Экономика өсімін кемінде 6%-ке жеткізу туралы Мемлекет басшысы жүктеген міндет біздің өлкеде мүлтіксіз орындалуда. Осы жылдың алты айындағы өзге де көрсеткіштер әкімдікте өткен келелі кеңесте айтылған еді.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында биылғы бірінші жартыжылдық қорытындыланды. Алдағы кезеңнің міндеттері қаралып, қала, аудан басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілиясхан Әмірбековтың айтуынша, өткен алты айда өңір экономикасының негізгі салалары тұрақты өсім көрсеткен. Ал оның негізгі қозғаушы күштері – құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салалары. Инвестиция айналымы 296 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте жеке инвестициялар көлемі 12,7 % өскенін ескерген жөн. Бұл нәтиже өңірдің одан әрі тұрақты дамуына берік негіз қалайды.

«Мемлекет басшысы экономиканың кемінде 6% өсімін қамтамасыз ету міндетін қойғаны мәлім. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 8,2% өсіп, республикалық 6,5% көрсеткіштен едәуір жоғары шықты. Ал кейінгі жылдары Мемлекет басшысы қойған міндеттер асыра орындалып, 8,3 және 8,2 % өсімге қол жеткізді», – деп тарқатты баяндамашы.

Соңғы 10 жылда аймақтың дамуы жақсы жағына қарай бет бұрғанын деректер дәлелдейді. Әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және көлік салаларында өсім мол. Әлеуметтік саланың көрсеткіштері де көңілге қонымды. Аталған салада жалақы мөлшері артып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қатары көбейді. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, еңбек нарығында бәсекелестік жоғарылады. Жаңа жұмыс орындары негізінен Қостанай, Арқалық, Рудный қалалары мен Әулиекөл, Қостанай аудандарында ашылғанын айта кетейік.

«Бүгінде машина жасау өндірісі облыстың өңдеу өнеркәсібінің жартысына жуығын құрайды. Жаңадан ашылған «КІА» зауытының арқасында жеңіл көлік шығару көрсеткіші 5,8 мыңға жетті. Бұдан бөлек, азық-түлік өндірісі де маңызға ие. Кондитерлік өнімдерді өндіру көлемі, ұн өндірісі артқан. Бұл бағыттағы ең жоғары көрсеткіш Қарабалық, Әулиекөл, Бейімбет Майлин, Меңдіқара аудандары мен Қостанай, Арқалық қалаларына тиесілі. Өнеркәсіп секторындағы ахуал оң. Өңдеу саласын қолдау, моно қалалар экономикасын әртараптандыру ендігі міндет ретінде қала бермек», – дейді Ілиясхан Әмірбеков.

blank

Көтерме сауданың өсуі қуантарлық жағдай. Мұнда Алтынсарин ауданы көш басында тұр. Одан кейін Жітіқара және Қарасу ауданы. Жалпы ішкі сауда айналымының өсімі үш жыл ішінде 40%-ке тең. Аудандар шеңберінде макроэкономикалық көрсеткіштердің жиынтығы бойынша барлық көрсеткіштер Бейімбет Майлин ауданында орындалыпты. Ал төмен көрсеткіштердің ең көп саны Қамысты ауданында байқалды.

«Жаһандық экономика ахуалына қарамастан облысымызда негізгі бағыттар бойынша оң динамика сақталуда. Өнеркәсіп өндірісі артып, инвестициялық жобалар іске асырылуда. 2023-2025 жылдары атқарылған жұмыстардың бәрі облыс экономикасына тың серпін берді деуге болады. Мәселен, экономика көлемі 2022 жылға қарағанда 43% өсіп, 2025 жылы 6 трлн теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 2,5 трлн теңгені құрап, 56%-ке артты. Инвестиция көлемі 1,6 есеге артып, 802 млрд теңге болды. Еңбек өнімділігі 1,6 есе өсті», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Кеңес қорытындысында өңір басшысы әкімнің орынбасарларына өз бағыттары бойынша әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларының орындалуын бақылауды тапсырды. Облысқа қарасты қалалар мен аудандар әкімдеріне экономиканың барлық салаларында қосымша өсім көздерін іздеуді жүктеді. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысында былтырғы деңгейіне қол жеткізбегендер жауапкершілікке тартылатынын айтты. Барлық саладағы жобалардың уақытылы орындалуына бақылау жасалатынын да құлағдар етті.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ