Қостанай облысында 719 млн теңгеге өзен құмын заңсыз өндірген кәсіп бойынша іс сотқа жолданды

Қостанай облысында 719 млн теңгеге өзен құмын заңсыз өндірген кәсіп бойынша іс сотқа жолданды

Қостанай облысында Тобыл өзенінің арнасы мен жағалауынан өнеркәсіптік көлемде өзен құмын заңсыз өндіру фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, тергеуді ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті аяқтады. Тергеу барысында «СТС-Цемент» ЖШС басшысы мемлекет белгілеп берген жер қойнауы учаскесінен тыс аумақта өзен құмын заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны анықталған.

Заңсыз жұмыстар Тобыл өзенінің түбі мен жағалауында екі жерснарядтың көмегімен гидромеханикаландырылған тәсілмен жүргізілген. Өндірілген құм өзара байланысы бар кәсіпорындарға өткізілген.

«Тергеу барысында заңсыз өндірілген және өткізілген өзен құмының жалпы көлемі 113 мың текше метрден асқаны анықталды. Оның нарықтық құны 719 млн теңгені құрады», – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.

Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз әрекеттер салдарынан су және жер ресурстарына елеулі экологиялық зиянын тигізді. Атап айтқанда, Тобыл өзенінің арнасы өзгеріп, жағалау сызығы бұзылған, гидрологиялық режимге нұқсан келген және батпақтанған аумақтар пайда болған.

Ғарыштық түсірілімдердің нәтижесі бойынша бүлінген су қоры жерлерінің аумағы 28 мың шаршы метрден асқан. Мамандар табиғи кешенді қалпына келтіру үшін жағалауды бекіту, өзен арнасын тазарту және бүлінген жерлерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті.

«Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі 12 автокөлікке, 10 жер учаскесіне және бір тұрғын емес үй-жайға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды», – делінген ҚМА Қостанай облысы бойынша департаментінің баспасөз релизінде.

Ведомство Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын еске салды.