Торғай тұйықтан шығады. Аудан әкімі есеп берді

Торғай тұйықтан шығады. Аудан әкімі есеп берді

Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашев аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифингте «Жангелдин ауданының 2026 жылғы 6 айындағы әлеуметтік- экономикалық дамуының қорытындылары және алдағы мақсаттар» туралы саралады.

Ауданда мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында халықтың жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға, инфрақұрылым мен экономикалық әлеуетті сақтауға және дамытуға бағытталған жүйелі іс-шаралар жүргізілуде.

Биылғы бюджет түсімдері 3 млрд. 315,9 млн теңгеге жетіп отыр.

2026 жылдың 6 айында аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 338 млн. теңгеге жетті.

Ауданда 605 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Оның ішінде: 31 шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар, 251 жеке кәсіпкерлер және 323 шаруа қожалықтары. Осы салада 735 адам еңбек етеді.

Жеке кәсіпкер Адиля Асхатқызы жақында аудан орталығында мерекелік сыйлықтар дүкенін іске қосты. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жұмыссыздықты төмендету, жаңа бизнес идеяны жүзеге асыру мақсатында, әлеуметтік осал топтар қатарына жататын 13 азаматқа грант беру жоспарлануда.

Туристік саланы дамыту бойынша Тәуіш ауылында құны 70,0 млн тұратын «Жол бойындағы кафе» құрылысы жүргізіліп жатыр.

Дінмұхамед Серікұлы брифинг барысында ауылшаруашылық саласы, инфрақұрылым мәселелеріне де айрықша тоқталып өтті.

Ағымдағы жылы жалпы Торғай өңірінің экономикасының дамуына елеулі серпін беретін ірі жоба бастама алды. Оны Торғай жұртшылығы өте қуанышпен қарсы алды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Орталық – Батыс» жаңа автомобиль жолының құрылысы басталды. Бұл — бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба, Торғай өңірі үшін тарихи оқиға. Ол Арқалықтан Астанаға және Торғай ауылынан Ырғызға дейін созылады. Жолдың жалпы ұзындығы – 889 км. Ол еліміздің орталығы мен батысын жалғайды, сондай-ақ Астана мен Ырғыз арасындағы жолды 560 км-ге қысқартады. Бұл – ауданымыз үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер мен сауда мен логистиканы артыратын, туризмді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын алға жасалған үлкен қадам», — деп атап өтті Жангелдин ауданының әкімі Дінмқхамед Бидашев.

Әкім өз баяндамасында ауданды сумен қамту, жарықтандыру, байланыспен қамтамасыз ету мәселелерін қаузады. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласы, жұмыспен қамту және халықтың өмір сүру деңгейі де әкім назарынан тыс қалмады.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарлама бойынша 1250 тонна қатты тұрмыстық қалдық қоқыстары шығарылған.

Ауданның 2026 жылғы 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң қарқынға ие. Дегенмен, бірқатар салаларда шешімін күткен мәселелер де бар.

«Алдағы кезеңде негізгі күш экономиканы әртараптандыруға, инвестициялар тартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады», — деді әкім.

Әдеттегідей брифинг барысында қойылған сұрақтардың да жауабы берілді.

 

Мұрат Жүнісұлы

Жангелдин ауданы