2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдістердің сақталғанын көрсетті. Өңір экономикасының негізгі салаларында тұрақты өсім байқалып, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,9 пайызды құрады.
Бұл – облыстың жыл қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы айқындаған кемінде 6 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізуге әлеуеті жеткілікті екенін аңғартады. Бүгінде Қостанай облысы дәстүрлі аграрлық өңір ғана емес, еліміздің индустриялық дамуының негізгі тірек аймақтарының біріне айналып келеді.
Өңір экономикасының басты қозғаушы күші – өнеркәсіп пен инвестиция. Алты айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,6 триллион теңгеге жетсе, оның 1,1 триллион теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің 49 пайызын құрап, өндіріс көлемі 10,3 пайызға артты. KIA Qazaqstan, KamLitKZ және автокомпоненттер өндіретін жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы өңірде толыққанды индустриялық кластердің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – экономиканың құрылымдық трансформациясының нақты нәтижесі.
Аграрлық сектор да экономикалық өсімнің маңызды драйвері болып қала береді. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 105,6 пайызды құрап, ет өндірісі 8,2 пайызға, сүт 3,8 пайызға, жұмыртқа өндірісі 4,1 пайызға ұлғайды. Облыста 16 ірі сүт-тауар фермасы жүзеге асырылып жатыр, оның 7-еуі пайдалануға беріліп, тағы 9-ының құрылысы жалғасуда. Бұл жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына және қайта өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда Қостанай облысында жалпы құны 7,3 триллион теңгені құрайтын 133 инвестициялық жоба қалыптасқан. Биылғы жартыжылдықта тартылған инвестициялардың 89,3 пайызы жеке капиталдың үлесіне тиесілі болуы өңірдің инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін дәлелдейді. Экономика ғылымында инвестиция көлемінен бұрын оның сапасы мен экономиканың құрылымына әсері маңызды саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан индустриялық және агроөнеркәсіптік жобалар ұзақ мерзімді орнықты өсімнің, жаңа жұмыс орындарының және өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың берік негізін қалыптастырып отыр.
Дархан Ахметов,
Экономика ғылымдарының PhD докторы,
қауымдастырылған профессор,
М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті
