Рудный қаласынан Қашар кенті мен Перцов ауылына қатынайтын автобустар мәселесін шешу өзектілігін жоймай отыр. Облыс мәслихатының кезектен тыс онлайн-отырысында осы бағыттарды әлеуметтік маңызы бар маршруттар қатарына енгізу мәселесі қаралды. Егер субсидияға іліксе, түйткілдің түйіні тарқар еді.
Рудный қаласы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі Юрий Итемгенов мәселенің мән-жайын толық баяндады. Оның айтуынша, аталған бағыттардың тұрақты жұмыс істеуі – тұрғындар үшін айрықша маңызға ие. Қашар кентінде 9 мыңдай, Перцов ауылында 500 шақты адам тұрады. Тұрғындардың көбінің күні осыған қарап отыр. Әсіресе, Перцов халқы үшін осы автобус – ауылды Рудныймен байланыстыратын жалғыз қоғамдық көлік.
«Бұл маршруттарға «ТрансАвтоАзия» ЖШС қызмет көрсетеді. Осы қоғамдық көліктер арқылы тұрғындар қалаға қалаған уақытында арзан жолақымен барып-келе алады. Медициналық көмекке жүгініп, мемлекеттік қызметтерді пайдаланады, оқу орындарына барып, күнделікті шаруаларын шешеді. Сондықтан олардың үздіксіз жұмыс істеуі әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды болып қала бермек», – деді Юрий Итемгенов.
Басты мәселе – экономикалық негізделген тариф пен халық төлейтін жолақының арасындағы айырмашылық. Есеп бойынша, Қашар бағытының экономикалық негізделген тарифі 4005 теңге болса, Перцов бағыты бойынша бұл 1067 теңгеге татиды екен. Ал тұрғындар Рудный–Қашар бағытына көлік картасымен 610 теңге, қолма-қол 910 теңге төлейді. Рудный–Перцов бағыты бойынша жолақы тиісінше 155 және 210 теңге.
«Тарифтер арасындағы бұл айырмашылық тасымалдаушы кәсіпорынның шығынын толық өтеуге мүмкіндік бермейді. Жанар-жағармай, автобустарды техникалық күтіп ұстау, қызметкерлердің еңбекақысы және басқа да міндетті шығындар тасымалдаушыға қаржылық салмақ түсіріп отыр. Қолдау көрсетілмесе, рейстер саны қысқарып, тіпті бағыттарға қызмет көрсету мүлдем тоқтауы да ғажап емес», – дейді Юрий Итемгенов.
Осыған байланысты қала әкімдігі өкілі Қашар мен Перцов бағыттарын әлеуметтік маңызға ие деп танып, бюджеттен субсидияланатын маршруттар тізіміне енгізуді сұрады.
Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдап, осы екі бағытты әлеуметтік маңызы бар маршруттар қатарына қосуға келісім берді. Бұл шешім аталған елді мекен тұрғындары үшін қоғамдық көліктің тұрақты қатынауын сақтауға жол ашары сөзсіз.
