Бұл туралы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Ерболат Зарыпбаев мәлімдеді. Айтуынша, аудан аумағында бүгінге дейін 130,9 мың гектар жер толықтай зерттеліп, зиянкестердің шоғырланған аумақтары анықталған.
Зерттеу жұмыстарына 69 маман тартылып, фитосанитарлық жағдай толық бақылауға алынған.
«Бүгінгі күнге дейін шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін 87,7 мың гектар жер анықталды. Соның ішінде 78,7 мың гектары өңделіп үлгерді. Бұл жұмыстар күн сайын жалғасып жатыр. Қалған аумақтарда жақын күндері өңдеу шаралары аяқталады», – деді Ерболат Зарыпбаев.
Өңдеу жұмыстарына барлығы 15 техника бірлігі жұмылдырылған.
«Техниканың барлығы толық қуатта жұмыс істеп тұр. Әсіресе, дрондар мен дельтапландар шалғай жерлерге жетіп, өңдеудің сапасын арттырып отыр», – дейді инспекция басшысы.
Ол жақтағы жұмыс осылайша тоқтаусыз жүріп жатыр. Мамандар күн сайын қырман басында. Басты мақсат – егістікті зиянкестерден қорғап, өнімділікті төмендетпеу.