Арқалықты ауыл жастары дүбірге бөледі 

Арқалықты ауыл жастары дүбірге бөледі 

Ауыл жастарының XXIV-ші «Тың – 2025» жазғы ауылдық спартакиадасы дүркіреп өтті. Спартакиаданың салтанатты ашылуында спортшылар сап түзеп, еліміздің әнұраны ойнатылды.

Қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимов құттықтау сөз сөйледі.

«Ауылдар арасындағы дәстүрлі спорт мерекесі жастарды, жалпы тұрғындарды салауатты өмір салтына насихаттауды көздейді», – деп атап өтті Абзал Қамбарұлы.

Спартакиадаға қатысушы спортшылар бір айға жуық уақыт бойы спорттың 12 түрінен өзара бақ сынасты.

blank

Доп ойындары, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат, асық ату, жеңіл атлетика, қол күресі, арқан тартыс сынды спорт түрлері жанкүйерлерін жанына көптеп топтастырды. Осы жарыс аясында жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар іріктеліп, облыстық спартакиадада өнер көрсетуге мұмкіндік алды.

Екі күн бойы қаланы дүбірге бөлеген доп додаларының қорытындысына тоқталар болсақ, баскетболдан әйелдер командалары арасында бірінші орынды Фурманов ауылының арулары жеңіп алды. Екінші орынды Родина ауылы иеленіп, үшінші орынды Восточный ауылы місе тұтты.

blank blank

Волейболдан ерлер командалары арасында Восточный ауылының спортшылары алдарына жан салмады. Екінші орынды Фурманов ауылы, үшінші орынды Ашутасты ауылы иеленді.

Футболдан Әбдіғаппар хан ауылы көш бастады. Екінші орынға Екідің, үшінші орынға Үштөбе ауылының спортшылары жайғасты.

blank

Жалпы қорытынды есебінде 13 ауылдың ішінен Әбдіғаппар хан ауылы 5 – ші орынға, Восточный ауылы 4-ші орынға, Үштөбе ауылы 3-ші орынға, Родина ауылы 2-ші орынға тұрақтады. Ал, 1-ші орынды Фурманов ауылының спортшылары қанжығаға байлады.

Басқы 3 орынға кубок, мадақтама, ақшалай сыйақы берілді. Белсене қатысқан командаларға да сый-сияпат көрсетілді.

«Ауылдар арасындағы спартакиададан Фурманов ауылының жастары бірінші орын алдық. Екі жыл қатарынан осы жарыстың жеңімпазы болып танылып жатырмыз. Ауылымызда спорт түрлері жақсы дамыған. Әсіресе, футболдан, тоғызқұмалақтан, арқан тартыстан тамаша ойын өрнегін көрсетіп келеміз. Салауатты өмір салтын берік ұстанған елдімекенненбіз. Қыздарымыз да, ұлдарымыз да кішкентайынан түрлі жарыстарда төбе көрсетіп жүрген спортшылар. Бұйырса алдағы жылдары да жеңімпаз боламыз деген ойдамыз», –дейді Фурманов ауылының белсенді жасы Нұрлыхан Данабекұлы.

Марапаттау рәсімінде қала әкімінің орынбасары Абзал Ташимов жеңімпаз команданың жүлдесі 200 мың теңгенің сертификатын ауыл әкімі Досхан Әубәкіровке салтанатты түрде табыс етті.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы