Мақсат — 21 жасқа толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау. Бұл бастамаға 19 және 20 жастағы жас волонтерлер қосылды. Олар полиция қызметкерлерімен бірге түнгі уақытта қала дүкендерін аралап, сатушылардың заң талаптарын қаншалықты сақтайтынын тексерді.
Облыстық жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Ернұр Алтаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынған. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Рейд барысында бірнеше сауда нүктесі тексерілді. Көп жағдайда сатушылар заңды бұзбай, еріктілерге алкоголь өнімдерін де, темекіні де сатудан бас тартты. Алайда қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан бір дүкенде жастарға сыра мен темекі сатылған.
Полицейлер бірден әрекет етіп, оқиға бойынша материал жинап, процессуалдық шешім қабылдау үшін шаралар қабылдады.
Қостанай облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Индира Нұруеваның айтуынша, жыл басынан бері өңірде осындай 125 рейдтік іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 18 дүкен иесі кәмелетке толмағандарға алкоголь сатқандығы үшін жауапкершілікке тартылған, тағы біреуі — 21 жасқа толмағандарға темекі өнімін сатқан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ең алдымен профилактикалық мақсатты көздейді. Себебі биылғы алғашқы 5 айдың қорытындысы бойынша өңірде алкогольге байланысты құқықбұзушылықтар 20,7%-ға артқан. Сол себепті рейдтер жалғасын табады.