Жедел штабтың құрамына кіретін Жанкелдин ауданы кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Айдар Жамансарин бизнес залалды бағалау рәсімін ресімдеу үшін палатаның филиалына жүгініп жатқанын айтты.
Мысалы, Жаркөл ауылдық округінің Тәуіш ауылында “Сарыарқа” кафесі жартылай қираған. Бизнес иесі Алуа Сармухамбетова Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына хабарласып, комиссияға су тасқынынан келтірілген залал бойынша фото және видео материалдар ұсынды.
“Әрбір кәсіпкермен бизнеске су тасқынынан келтірілген залалды өтеу тетігін түсіндіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу үшін қаражат жергілікті атқарушы органдардың резервінде көзделген”, – дейді Айдар Жамансарин.
Алдын ала деректер бойынша, Жанкелдин ауданында су тасқынынан 17 бизнес нысаны зардап шекті.