Бірнеше ауданда алдын ала эвакуациялау шаралары қыза түсті

Бірнеше ауданда алдын ала эвакуациялау шаралары қыза түсті

Қостанай облысында алдын ала эвакуациялау жұмыстары жедел жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігі ақпарат таратты.

Денисов ауданы Денисов ауылының (Строительный және Береговой көшелері, 110 адам), Қарабалық ауданы Святослав ауылының (10 адам), Б.Майлин ауданы Николаев және Айет ауылдарының ( Тәуелсіздік, Набережный, Болашақ және Восточный көшелері) тұрғындары алдын ала қауіпсіз жерлерге көшірілді. Эвакуация жұмыстарына тәртіп сақшылары, өртке қарсы қызмет, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылған.

Қазір Қостанай қаласында Тобыл өзенінің бойындағы 7 саяжай елді мекенін («Колос», «Красный партизан», «Чапаев», «Дорожник», «Мичурин», «Садовод», «Геолог» ТКБС) су басу қаупі төніп тұр. Сондай-ақ Колесные ряды ауданы (Пионерский, Красный Кузнец, Тобольский, Юный боец, Дачный көшелері), өзен жағасында орналасқан «Апельсин» сауда орталығы, «Ақ шаңырақ», «Гранат» мейрамханалары, «Мохито» демалыс базасы сияқты бизнес нысандарын да су басу қаупі бар, – делінеді хабарламада.

Жергілікті атқарушы органдар еріген суды бұру үшін траншеялар қазып, қапшықтар төсеп, суды сору, инертті материалмен толтыру және т. б. су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін қарқынды жүргізу үстінде.

Бұдан бөлек, облыс орталығында полицейлер тұрғындарды эвакуациялау мүмкіндігі туралы алдын ала ескерту жұмыстарына кірісті. Қаланың «Колесные ряды» ауданы тұрғындарымен ықтимал су тасқыны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бұл ауданда 88 үйді су басу қаупі бар. Қазіргі жағдайды және ауа райын, сондай-ақ Тобыл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуін ескере отырып, тұрғындарды эвакуациялау мүмкіндігі бар. Қостанай қаласы Полиция басқармасының бастығы Болат Иманов тұрғындарға қатерге дайын болып, бағалы және қажетті заттарды, құжаттарды жинау, жануарларды шығару және мүмкіндігінше су деңгейін өз бетінше бақылау қажет екенін айтып, үндеу жасады, – дейді облыстық ПД мамандары.

Бұл іс-шараға 50-ге жуық қызметкер жұмылдырылды. Полицейлер тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. ПД су тасқыны жағдайы нашарлаған жағдайда күштер мен құралдардың резерві дайындалғанын атап өтті.

Жаңалықтармен бөлісу