Қостанайда жарыстардың үздік жеңімпаз балалары марапатталды

Қостанайда жарыстардың үздік жеңімпаз балалары марапатталды

«Сен үздіксің» атты салтанатты жиында халықаралық және республикалық ғылыми, спорттық, шығармашылық жарыстардың жеңімпаздары марапатталды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы оқушылар мен олардың жетекшілерін құттықтай отырып:

«Балаларымыз дені сау, білімді және өз Отанын шексіз сүйетін азамат болып өсуі керек. Ол үшін әр баланы қорғау, оған қолдау көрсету және жүрегіне жылулық пен махаббат ұялату — біздің басты мақсатымыз. Мемлекет жас өрендеріміздің толық әлеуетінің ашылуына барлық жағдай жасауда: жаңа заманауи мектептер, спорттық кешендер, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылуда», – деп атап өтті.

42 жүлдегерге ақшалай сертификат, ал бір немесе бірнеше жүлдегер дайындаған 38 педагогке Қостанай облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Жеңімпаздар арасында Қостанай қаласының №2 мектеп-лицейінің түлегі, республикалық олимпиаданың жүлдегері, Қазақстан және шетелдік жоғары оқу орындары гранттарының иегері Аян Үсембаев болды.

«Мен өз тәлімгерім Оксана Васильевна Мухортованың жетекшілігімен жасаған еңбегіммен мақтана аламын. Өткен жылы күміс алдым, ал биыл күрделі дайындықтан кейін алтын медальге ие болдым. Әрқашан жаңалыққа құмар болу, өз күшіне сеніп, мақсатына жету маңызды», – деп өз ойымен бөлісті.

Сондай-ақ бүгінгі мерекеде жақсы дәстүр бойынша «Мектеп балалар көзімен» атты конкурсының жеңімпазы марапатталды. Мектеп ауласын абаттандыру бойынша жобаны іске асыру үшін Қарабалық ауданының Тоғызақ мектебіне үш миллион теңгеге сертификат берілді. Енді мектепте таза ауада баскетбол алаңы және оқушыларға арналған шахмат үстелдерімен коворкинг зона салынады.

«IQOSTANAI» Смарт орталығының сахнасында үздік балалар шығармашылық ұжымдары оқушылар мен педагогтерге өз өнерлерін көрсетті.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков