Жангелдин ауданында алғаш рет Кәсіпкерлер күні аталып өтті

Жангелдин ауданында алғаш рет Кәсіпкерлер күні аталып өтті

Кәсіпкерлік – ел экономикасының күретамыры, ауыл тіршілігінің тірегі. Өз ісін дөңгелетіп, туған жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің еңбегі қашан да құрметке лайық. Олар жеке кәсібін дамытып қана қоймай, ауылдың ажарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Осындай іскер азаматтардың еңбегін дәріптеп, кәсіпкерліктің қоғамдағы маңызын айшықтауға арналып, 29 қазан күні Жангелдин ауданында «Кәсіпкер – елдің ырысы, ауылдың тынысы» атты Кәсіпкерлер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.  Негізгі мақсат – аудан кәсіпкерлерінің еселі еңбегін елге таныту, олардың жетістіктерін насихаттау, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін тың бастамаларға жол ашу көзделді.blankМерекелік басқосу аудан кәсіпкерлерінің тыныс-тіршілігі мен кәсіби жетістіктерінен сыр шертетін бейнеролик көрсетілімімен басталды. Бейнеролик арқылы туған жердің дамуына үлес қосып жүрген кәсіп иелерінің еңбегі көпшілікке таныстырылды. Салтанатты жиында аудан әкімі Дінмұхамбет Бидашев кәсіпкерлерді мерекемен құттықтап, олардың аудан экономикасын дамытудағы, ауыл өмірін жандандырудағы және халықтың әл-ауқатын арттырудағы еңбектеріне жоғары баға берді. Қостанай облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық  даму басқармасының алғыс хаттарын табыстады.blankblankСондай-ақ адал еңбек пен табанды ізденістің арқасында табысқа жетіп, өзгелерге үлгі болып жүрген бірқатар кәсіпкерді арнаулы номинациялар бойынша марапаттады. Атап айтқанда, «Үздік ауыл кәсіпкері», «Іскер әйел», «Ұлттық құндылықтарды дәріптеуші әйел», «Ауыл дамуына үлес қосушы кәсіпкер», «Үздік ас кәсіпкері», «Табысты кәсіпкер», «Үздік отбасылық бизнес», «Іскерлік бастама», «Үздік ауыл шаруашылығы кәсіпкері», «Ауыл ажарын ашқан кәсіпкер», «Қайырымды кәсіпкер», «Атымтай жомарт кәсіпкер», «Меценат кәсіпкер», «Ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуші кәсіпкер», «Үздік тасымалдаушы кәсіпкер» аталымдарымен үздіктер марапат төрінен көрінді. Бұл марапаттар – кәсіпкерлердің күнделікті тынымсыз еңбегіне көрсетілген құрмет пен қолдаудың белгісі. Әр номинацияның артында табандылық, ізденіс, жауапкершілік пен туған жерге деген жанашырлық жатыр.blankМарапаттау рәсімінен кейін мерекелік іс-шара әсем ән мен күмбірлеген күйге бөлеген концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Өнерпаздар қауымы жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің мазмұнын аша түсті.blankМереке аясында Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің фойесінде жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған бұйымдар мен ұлттық тағамдар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Атап айтқанда, «Аламан құрақ» жобасының қатысушысы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында құрақ көрпе тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген жеке кәсіпкер Құралай Молдабаева өзінің қолынан шыққан ерекше қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Шебердің ұлттық нақыштағы бұйымдары ата-баба мұрасын жаңғыртып, қазақ қолөнерінің қадір-қасиетін тағы бір мәрте айшықтады.blankАл жеке кәсіпкер Әсел Әбеу түрлі ұн тағамдарының көрмесін ұйымдастырып, өз кәсібінің өнімдерін таныстырды. Сужарған ауылының тұрғындары да ұлттық тағамдарды сөреге шығарды. Көрме-жәрмеңке кәсіпкерлердің өнімдерін көпшілік назарына ұсынуға, тәжірибе алмасуына және жергілікті өнімдердің әлеуетін көрсетуіне тамаша мүмкіндік болды.blankЖалпы, ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылған бұл мерекелік іс-шара кәсіп иелеріне ерекше құрмет көрсетіп қана қоймай, тұрғындарға да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бастысы, адал еңбек етіп, туған жердің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі еленіп, кәсіпкерліктің ауыл өміріндегі айрықша орны тағы бір мәрте айқындалды.

Кәсіпкері табысты елдің болашағы баянды. Ал ауылдың өркендеуі – сол ауылда еңбек етіп, ел игілігі үшін тер төгіп жүрген азаматтардың қолында. Ендеше, туған жердің тынысын кеңейтіп, елдің ырысын арттырып жүрген кәсіпкерлердің қатары көбейіп, бастамалары берекелі бола берсін!

Жадыра Қошеметова,

Жангелдин ауданы әкімдігінің

Кәсіпкерлік бөлімі басшысы