Жаңа уақыт белдеуі несімен тиімді болмақ?

Жаңа уақыт белдеуі несімен тиімді болмақ?

Қостанайға ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бастаған делегация келді. Белсенді топтың сапарының себебі – еліміздегі уақыт белдеуінің өзгеру тиімділігін түсіндіру.

“Жуырда жаңа уақыт белдеуіне көшетін боламыз. Осыны халыққа түсіндіріп, мәселесіз шешуге тиіспіз. Бұл туралы көптеген талқылаулар өтіп келеді. Түрлі пікірлер айтылды. Белсенділеріміз мәселені дәлме-дәл уақытында көтеріп келе жатыр”, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Жиынға шақырылған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бұл шешімнің тиімділігін сөз етті.

“Мен бұл өзгерісті екі түрлі мәселемен қарастырар едім. Экономикалық және басқарушылық тұрғыдан алып қарастырғанда халық үшін аса тиімді. Еліміз бір уақытпен ілгері басады. Банктер мен сауда құрылымдары бір уақытта жұмыс істейтін болады”, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл. – Осы мәселе төңірегінде тұрғындар арасында біздің белдеуіміз бірдей уақыт белдеуіне келмейді деген пікір айтылып жүр. Жауап ретінде мынадай мысал келтірейін. Қытай мен Ауғанстан елдерінің арасы жақын орналасса да уақыттарының айырмашылықтары жер мен көктей. Қытайдың уақыты қазір бізден екі сағат алда, ал Ауғанстандікі бір жарым сағат артта тұр”.

Биотехнолог ғалым Қуат Әмір уақыт белдеуінің адам ағзасына тигізетін факторларын алға тартты.

“Былтыр Қостанайда ақпан айында болдық. Сіздер мен біздер болып осы мәселе туралы ой қозғадық. Сонда қателеспесем, сағат таңертеңгі тоғызда әлі қараңғы болып тұрды. Сонда үш сағатта күннің бел ортасына келеді екенбіз. Одан екі сағат бұрын жұрт балаларын балабақшаға, мектепке жетектеп бара жатады. Оның бәрі халық денсаулығына кері әсер етеді”, – деді Қуат Әмір. – Мәселен, ұйқыдан жетіде ояндық делік. Келешектегі уақыт белдеуімен ол кезде сағат таңертеңгі әлі алтыны көрсетіп тұрады. Балаға болсын, ересек адамдарға болсын бір сағаттық ұйқы адамның физиономиясына әсерін тигізбей ме, тигізеді. Адам шаршауды жүйке сезімі арқылы миымен қабылдайды”.

 Айбек Ғалымұлы 

Жаңалықтармен бөлісу