Ынталы жасқа мол мүмкіндік болады

Ынталы жасқа мол мүмкіндік болады

Қостанай қаласында “Жасыл ел” жастар еңбек жасағы өткен аптада жұмысқа кірісіп кетті. Жобаға 16 жастан 35 жасқа дейінгі жастар тартылған. Облыс орталығында құрамында 130 жастан тұратын бес топ құрылды. Қостанай қаласы әкімідігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков 350 адамды қамту көзделгенін атап өтті.    

Жыл сайын “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының қызметін қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімі мердігерлік ұйымдары арқылы жүзеге асырып келді. Енді биылдан бастап Қостанай облысы әкімдігінің хаттамасына сай жасақ қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы үйлестіріледі.

Еңбек жасағының мүшелері үш ай бойына қаланың абаттандыру жұмыстарына атсалысатын болады. “Жасыл ел” қатарына жоғары сынып оқушылары, студенттер, сондай-ақ, жұмыссыз жастар ене алады.

“Биыл «Жасыл Ел» жобасын іске асыру Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық экологиялық акциясының аясында өткізілетінін атап өткен жөн. “Жасыл ел” жобасын іске асыруға 49 млн теңге бөлінді. Әр жұмысқа алынған жас қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, қауіпсіздіктері үшін күнге шағылысатын кеудешелер беріледі. Олар қаладағы бес мердігер ұйымға бекітілді. Айта кетейін, “Жасыл ел” қатарында жұмыс істегісі келетіндердің саны жыл сайын артып келеді. Былтырғы тапсырмаға сай биыл жастарға төленетін жалақыны көтердік”, – деді Олжас Дүйсеков.

“Жасыл ел” еңбек жасағы мүшелерінің жалақысы өткен жылмен салысытрғанда 45% артқан. Яғни, 16-18 жас аралығындағылар салықсыз 118 мың теңге алады. Ал өткен жылы олар 70 мың теңге алып жүрген еді. Ал 18 жастан 35 жасқа дейінгілер айына 120 мың теңге табады.

Былтыр олар қолдарына тек 75 мың алған. Қала әкімі Марат Жүндібаев жыл сайын мүмкіндігінше жалақыларын көтеруді қарастыру керек екенін айтты.

 “Келер жылы, мүмкін болса жалақыны көтеруді қарастырайық. Олар бар ынтасымен жұмыс істеуі үшін жалақы да лайықты төленуі керек. Егер жұмысқа алынған адам өзі мардымыз жұмыс істесе бөлек әңгіме. Онда бекітілген мердігер ұйым өкілі ол адамды басқамен алмастыруды ұсынуы қажет. Жоғары жалақы болған соң, жастар да көптеп келеді. Бәсекелестік болуы қажет”, – деді Марат Жүндібаев.

Сондай-ақ, шаһар басшысы қалалық бюджет есебінен жасақ мүшелерінің санын көбейту мәселесін көтерді. Өйткені, ол нақты жұмыс күші екенін жеткізді. Мүмкін болса, “Жасыл ел” еңбек жасағы мүшелерін екі есеге дейін арттыру қажет екенін атап өтті. Жасақ мүшелері қаладағы бес мердігер ұйымға бекітілген.

Өткен жылы қалалық әкімдік 327,5 млн теңгеге 24 әлеуметтік жобаны іске асырса, биыл 351 млн теңгенің 25 жобасын қола қалмақ. Ішкі саясат бөлімі 64,5 млн теңгеге 9 жобаны іске асыруды көздеп отыр. Жыл санап мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру артып келетді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда биыл 15 пайызға ұлғайған. Мемлекеттік жастар бағдарламасы аясында өткізілетін іс-шаралар, қала жастарының әлеуметтік маңызы бар жобалары мен бастамаларын іске асыруға, дарынды, жұмыс істейтін және студент жастарды қолдауға бағытталған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Б.Мейрамұлы

Жаңалықтармен бөлісу